Қазақстандықтар бензин сапасына 92 рет шағымданған: көш басында қай қала?

Қазақстанда бензин сапасына қатысты Сауда және интеграция министрлігіне 92 шағым түскен. Ең көп арыз Астана тұрғындарынан келді. 

pixabay.com

Астана, NEGE. Сауда және интеграция министрлігі NEGE-нің жанармай сапасына қатысты ресми сауалына берген жауабында қанша шағым түскенін және олардың қай өңірлерден келгенін хабарлады. Ведомство мәліметінше, ең көп өтініш Астанадан – 34, Алматыдан – 17, Павлодар облысынан – 9, Шымкенттен – 6 және Шығыс Қазақстан облысынан – 5 өтініш түскен. Алматы және Маңғыстау облыстарында төрт өтініштен тіркелген.

Сондай-ақ Қостанай облысынан – 3, Солтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстарынан екі өтініштен, ал Қарағанды, Абай, Ақмола, Жамбыл, Жетісу және Түркістан облыстарынан бір-бірден ғана өтініш түскен.

Сапасыз бензин көлікті бұзса, шығынды қалай өтеуге болады?

Министрліктің мәліметінше, сапасыз жанармай сатылғаны дәлелденсе, тұтынушы көлікті жөндеуге кеткен шығынды жанармай құю станциясынан немесе өндірушіден өтеуді талап ете алады. Сатушы тауардың кемшілігін білмеген жағдайда да оның салдары үшін жауап береді.

«Заңның 30-бабының 4-тармағына сәйкес, сатушы сатылған  тауардың кемшіліктері үшін олар жөнінде өзі білмеген жағдайда да жауап береді. Сатушыны жауапкершіліктен босату туралы немесе оны шектеу туралы келісім жарамсыз болады. Сонымен қатар тұтынушының өміріне, денсаулығына және мүлкіне келтірілген зиян қолданыстағы заңнамада белгіленген тәртіппен өтелуге тиіс. Осыған байланысты, материалдық және моральдық зиянды өндіріп алу сот тәртібімен жүзеге асырылады», – деп түсіндірді Сауда және интеграция министрлігі.

Өтемақы талап ету үшін тұтынушы алдымен жанармай құю станциясына жазбаша наразылық жолдап, көлікке залал келгенінін растайтын құжаттарды жинауы керек.

«Олардың қатарында фискалдық чек, жанармай құю станциясының атауы, жанармай құйылған күн мен уақыт, техникалық диагностика қорытындысы, жөндеу құжаттары және төлем түбіртектері бар. Сонымен қатар жанармай сапасы мен көліктің істен шығуы арасындағы байланысты анықтау үшін сараптама жүргізілуі мүмкін», – деп хабарлады ведомство.

Сатушы наразылықты алған күннен бастап 10 күн ішінде жауап беруге міндетті. Егер осы мерзімде жауап берілмесе немесе шығынды ерікті түрде өтеуден бас тартса, тұтынушы тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органға немесе оның аумақтық бөлімшесіне жүгіне алады.

Айта кетейік, бұған дейін NEGE редакциясы бензин сапасына қатысты уәкілетті органдарға сауал жолдаған еді. ҚазМұнайГаз АИ-95 және АИ-98 бензинін өндіру кезінде өндірістік ақау немесе технологиялық кемшілік анықталмағанын хабарлаған. Компанияның мәліметінше, тамызда жүргізілген тәуелсіз сынақтар бұл маркалардың белгіленген талаптарға сәйкес келетінін көрсеткен.

Ал бас прокуратура бензиннің сапалы бөлігі Ресейге экспортталып, сапасыз өнімі ішкі нарықта қалып жатыр деген ақпаратты растаған да, жоққа шығарған да жоқ.