ҚМГ: АИ-95 пен АИ-98 өндірісінде ақау анықталған жоқ
АИ-95 және АИ-98 бензинінің сапасына қатысты шағымдардан кейін «ҚазМұнайГаз» компаниясы мұнай өңдеу зауыттарында өндірістік ақау немесе технологиялық кемшілік анықталмағанын мәлімдеді.
Астана, NEGE. Тамыз айында басталған көлік жүргізушілерінің бензин сапасына қатысты шағымдарынан кейін NEGE редакциясы уәкілетті органдарға ресми сауал жолдады.
ҚазМұнайГаз мәліметінше, тамыз айында жүргізілген тәуелсіз сынақтар кезінде алынған арбитраждық сынамалар АИ-95 және АИ-98 бензинінің белгіленген талаптарға сәйкес келетінін көрсеткен.
«Шығарылған өнімнің сапасы өндіріс процестері мен оны жөнелтудің әр кезеңінде бақыланып отырады. Бензиннің әрбір партиясы Қазақстанда аккредиттелген халықаралық тәуелсіз зертханаларда сынақтан өткізіліп, зауыттың сапа паспортымен жөнелтіледі», – деді ҚазМұнайГаз.
Компанияның айтуынша, зауыттар процессинг схемасы бойынша жұмыс істейді. Яғни олар шикізатты өңдеу қызметін көрсетеді, ал дайын өнімнің қай бағытта сатылатынын оның меншік иелері анықтайды.
Осыған байланысты ҚМГ зауыттан шыққан өнімнің сапасына жүргізілген бақылау мен одан кейінгі жеткізу кезеңдерін бөлек қарастырады. Өнім зауыттан шыққаннан кейін оны сақтау, тасымалдау және өткізу барысындағы сапаға жеткізу тізбегінің тиісті қатысушылары жауап береді.
«ҚазМұнайГаз зауыттары өндіретін АИ-95 және АИ-98 маркалы бензин Кеден одағының техникалық регламентіне және ҚР СТ 1183-2003 «Автомобиль бензиндері. Жалпы техникалық талаптар» талаптарына сәйкес келеді және олардан өндірістік ақау мен технологиялық кемшіліктер анықталған жоқ. Бұл биыл тамыз айында бензиннің арбитраждық сынамаларына жүргізілген тәуелсіз сынақтардың нәтижелерімен расталды», – деп хабарлады компания.
Тамыз айында ҚМГ зауыттарында 124 мың тонна АИ-95 және 4,2 мың тонна АИ-98 бензині өндірілген.
Компания сондай-ақ тұтынушылардан АИ-95 және АИ-98 бензинінің сапасына қатысты тікелей шағым түспегенін мәлімдеді.
Бұған дейін үш сәйкессіздік анықталған
Айта кетейік, бұған дейін Энергетика министрлігі 2026 жылы жанармай құю станцияларында 76 тексеру жүргізіп, 78 бензин сынамасын алғанын хабарлаған. Оның үшеуі белгіленген талаптарға сәйкес келмеген.
Атап айтқанда, Қызылорда облысында АИ-95-К4 бензинінің октан саны 92 болған. Алматыда АИ-100-К5-Евро бензинінің октан саны 99 болып, құрамындағы күкірт мөлшері 33 мг/кг-ға жеткен. Ал Жетісу облысында АИ-92-К4 бензиніндегі күкірт мөлшері 105 мг/кг болған.
Бұл сәйкессіздіктер бойынша уәкілетті орган тиісті шаралар қабылданғанын хабарлаған.
Бас прокуратура не деді?
NEGE редакциясының сауалына жауап берген Бас прокуратура АИ-95 және АИ-98 бензинін құйғаннан кейін көліктердің істен шығуына қатысты азаматтардың өтініштері ведомствоның қарауында болмағанын хабарлады.
Сондай-ақ, ведомство қоғамда тараған сапалы бензиннің Ресейге экспортталып, сапасыз өнімнің ішкі нарықта қалатынына қатысты сұрағымызды растамады да, жоққа да шығармады.
Дегенмен Бас прокуратура Қазақстанда бензин экспортына шектеу қойылғанын жеткізді. Энергетика министрінің 2026 жылғы 30 сәуірдегі бұйрығына сәйкес, бензинді автомобиль және теміржол көлігімен, оның ішінде ЕАЭО елдеріне әкетуге 21 мамырдан 21 қарашаға дейін шектеу енгізілген.