Бектенов: «Самұрық-Қазына» қорының жаңа басшысы жақын арада тағайындалады

Премьер-министр Олжас Бектенов «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының басқарма төрағасы жақын арада ауысатынын мәлімдеді.

sk.kz

Астана, NEGE. Үкімет басшысының айтуынша, қордың жекелеген лауазымды тұлғаларына қатысты тергеу жалғасып жатыр. Оның барысы Президенттің бақылауында.

Олжас Бектенов қор құрамындағы барлық компания штаттық режимде жұмыс істеп жатқанын атап өтті. Инвестициялық және инфрақұрылымдық жобалар бекітілген жоспарға сәйкес жалғаса береді.

«Қордың даму стратегиясы өзгеріссіз қалады. Инвестициялық және инфрақұрылымдық жобаларды бекітілген жоспарға сәйкес іске асыру жалғасады», – деді премьер-министр.

Сонымен қатар қорда ішкі бақылау мен аудит жүйесі күшейтілмек. Бұл мүдделер қақтығысын дер кезінде анықтап, сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған.

Еске салайық, 11 қарашада ҰҚК-нің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі «Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов пен «Қазақстан темір жолы» компаниясының басшысы Елжас Отыншиевті және өзге де адамдарды ұстаған еді.

Ал бұған дейін желіде Астанадағы Қонаев көшесіндегі Atlant-6 тұрғын үй кешенінің маңынан долларға ұқсас купюралар шашылып жатқаны түсірілген видео тарады.

Ұлттық компаниялар басшыларының ұсталуынан кейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіпсіздік кеңесінің шұғыл отырысын өткізді. Ол мемлекеттік компаниялардағы жемқорлықтың жай-күйін аса күрделі жағдай деп бағалады.

Сонымен қатар болған жағдайдан кейін Президент Жарлығымен Ермек Сағымбаевты Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы қызметінен босатып, орнына оның орынбасары Марат Ирменовті тағайындады. Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Айбек Смадияров NEGE-ге берген түсініктемесінде Тоқаевтың бұл шешімін «Самұрық-Қазына» мен «Қазақстан темір жолы» басшыларының ұсталуымен түсіндірді.

Сондай-ақ, Смадияровтың сөзінше, Тоқаев әуел бастан «Самұрық-Қазына» мен ҚТЖ басшыларына қатысты тергеуден хабардар болған. Оның айтуынша, аталған іс бойынша сыбайлас жемқорлық сипаты күмән тудырмайды.