USD
USD
USD

Тоқаев «Самұрық-Қазына» мен ҚТЖ басшыларының тергеуге іліккенінен әуел бастан хабардар болған

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры мен «Қазақстан темір жолы» компаниясы басшыларына қатысты тергеу жүргізіліп жатқанынан әуел бастан білген.

Жақыпов, Отышниев
Фото: sk.kz, коллаж: NEGE

Астана, NEGE. Бұл жөнінде NEGE-ге Президенттің баспасөз хатшысы Айбек Смадияров хабарлады.

«Жалпы, "Самұрық-Қазына" ісінің сыбайлас жемқорлық сипаты күмән тудырмайды. Бұл тергеу әрекеттері кезінде іске қатысы бар адамдардың әрекеттерімен расталды. Президент жүргізіліп жатқан тергеу туралы әуел бастан хабардар болды. Оның сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі ұстанымы өзгеріссіз әрі берік», – дейді Смадияров.

Ал Ермек Сағымбаевты Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметінен босату туралы шешімді, Смадияровтың мәлімдеуінше, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев оның басқа жұмысқа ауысуына байланысты қабылдаған.

«Бұл шешім Президент тапсырған арнайы қызметті реформалау міндетін ойдағыдай орындау үшін басқарушы құрамда кадрлық ротация жүргізу қажеттігін ескере отырып қабылданды», – дейді Президенттің баспасөз хатшысы.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев сыбайлас жемқорлық оқиғасына қатысы бар адамдардың ұсталуын да ескерген. Президенттің пікірінше, бұл жағдайда күштік құрылымдар тарапынан бірқатар олқылыққа жол берілген. Осыған байланысты Ішкі істер министрі Ержан Сәденовке де тәртіптік жаза жарияланған.

Сол күні, Смадияровтың сөзінше, Мемлекет басшысы Ішкі істер министрлігінің басшылық құрамымен жұмыс кеңесін өткізген. Президент «Заң мен тәртіп» қағидатына сәйкес қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету міндеттерін орындау кезінде қызметтік тәртіпті нығайтып, полиция қызметкерлерінің кәсіби даярлық деңгейін арттыруды тапсырған.

Сондай-ақ Ержан Сәденовке полицияның қатардағы және офицерлік құрамымен тәрбие жұмысын күшейту қажеттігі ескертілген.

Айта кетейік, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі 11 қарашада «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов пен «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Елжас Отыншиевті және өзге де адамдарды ұстады. Олар сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деген күдікке ілінген.

Осы оқиғаға дейін желіде Астанадағы Қонаев көшесіндегі тұрғын үй кешендердің бірінің маңынан долларға ұқсас купюралар шашылып жатқаны түсірілген видео тарады. Бұл жөнінде полицияға «102» арнасы арқылы хабар түскен. Оқиға орнына полиция жасағы жеткен.

Ал бүгін – 16 қараша күні Президенттің Жарлығымен Ермек Сағымбаев Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы лауазымынан босатылды.  Оның орнына орынбасары Марат Ирменов ҰҚК басшысы болып тағайындалды.

Тағайындаудан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшылығымен жиын өткізді. Онда комитеттің жаңадан тағайындалған төрағасы Марат Ирменовті таныстырып, жаңа төрағаға ұлттық қауіпсіздік органдары жүйесін реформалауды тапсырды.

Қазір оқып жатыр

«Лицензия ала алмаған балабақшалар жабылмайды»: Сүлейменова жаңа талаптарды түсіндірді

Балабақша

Алматыда ҚазҰУ-дың тағы бір студенті қайтыс болды: күдікті ұсталды

ҚазҰУ

Алматы тұрғыны 6 келіге жуық алтын құймасын денесіне жабыстырып, «Қорғас» арқылы алып өтпек болған

Алтын құймасы

«Қазақстаннан шығарып жіберу керек»: Тұрсынбек Қабатов екінші рет үйленгенін сынағандарға жауап берді

Тұрсынбек Қабатов