Бектенов: МӘМС-тен ақша жымқырғандар жауапқа тартылады

Үкімет отырысында премьер-министр Олжас Бектенов Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорындағы заңсыздықтарға қатысты тексеру басталғанын мәлімдеді.

Үкіметтің баспасөз қызметі

Астана, NEGE. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың V отырысында қор жұмысын кешенді тексеру барысында көптеген заңбұзушылық анықталғанын айта келе, оны Қаржы министрлігінің қарамағына беру жөніндегі Үкіметтің шешімін қолдайтынын жеткізген еді.

«Тиісті тексерулер басталып кетті. Кінәлі адамдар жауапқа тартылатын болады.

Медициналық сақтандыру қорының ақпараттық жүйесі осы жылдың 1 шілдесіне дейін Денсаулық сақтау министрлігінің жүйесіне интеграциялануға тиіс. Бұл қаражатты пайдаланудың ашықтығы мен тиімділігін қамтамасыз етеді», – деді Бектенов үкіметтегі жиында.

Ол Президент тапсырмаларының орындалуын өзі бақылайтынын атап өтті.

Айта кетейік, жуырда Қаржылық мониторинг агенттігі Астанада екі жекеменшік клиниканың басшысына қатысты Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының қаражатын жымқыру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеті жүріп жатқанын хабарлаған еді.

Клиникалар басшысы алаяқтық схема ұйымдастырып, медициналық көмекті іс жүзінде алмаған пациенттер туралы ақпараттық жүйеге жалған мәліметтер енгізген.

Қазір оқып жатыр

Астанада LRT жолақысы қанша теңге болуы мүмкін?

Шелдон Купердің рөлінде ойнаған америкалық актер қазақша ән салып берді

Қарашығанақ операторы 2 млрд теңге экологиялық айыппұл төледі

«Көктемді жолға салып жіберіңіздер»: елші қызылордалықтарға әзілмен өтініш айтты