Bek Air басшылығы апат себебі жайында өз нұсқасын айтты
Алматыда өткен баспасөз мәслихатында
Bek Air басшылығы Fokker 100 ұшағы апатына қатысты өз нұсқасын жеткізді.
Алматы, NEGE. Bek Air әуекомпаниясының Fokker 100 ұшағының Алматы маңында апатқа ұшырауына бағыттас із (спутный след) себепші болуы мүмкін, – деді компанияның ұшу қызметінің басшысы Эрик Сапаров. Оның айтуынша, Алматы әуежайынан Fokker 100 ұшағы ұшпастан бұрын сол жолақтан Мәскеуге Airbus 321 Neo әуе кемесі бағыт алған.
«Оның салмағы – 90 тонна. Біздіңше, ұшақтың апатқа ұшырауына оның алдында ұшып шыққан ұшақтың із жолы кедергі жасауы мүмкін. Бұл бағыттас із құйынға ұқсас және ұшып шыққан әуе кемесінің соңынан біразға дейін ілесіп жүреді. Алматы уақыты бойынша сағат 07:19-да ұшу уақытына назар аударыңыз. Оның жылдамдығы 184 түйін (узел). Біздің Fokker 100 07:20-да ұшқан, жылдамдығы – 155 түйін, яғни арасы – бір минут. Демек, Fokker 100 ұшағының алдында бағыттас із қалың болған. Екі ұшақтың арасындағы уақыт кем дегенде екі минут болуы керек еді. Ал апатқа ұшыраған ұшақта әр секунд сайын солға, оңға қисаю байқалған. Ұшақ неден тербелуі мүмкін? Ауа райы емес, сол бағыттас ізден болуы мүмкін деген болжам айта аламыз», – деді компания өкілдері. Мамандардың пікірінше, қазір ұшақтардың ұшуы арасындағы аралық бір минуттан үш минутқа дейін. Бұдан былай бұл аралық бес минутқа дейін артуы мүмкін.
Bek Air әуе компания басшылығының айтуынша, ұшақтың техникалық жағында ақау болмаған және ұшқыштар да кәсіби жағынан білікті.