Сарапшы 4,6 млрд доллар айыппұлды мұнай компанияларының акцияларына айырбастауды ұсынды
Қазақстан 4,6 млрд доллар көлеміндегі экологиялық айыппұлды шетелдік мұнай компанияларының акциялары түрінде өндіріп алу мүмкіндігін қарастыруы керек. Мұндай пікірді «Байдильдинов. Нефть» Telegram-арнасының авторы Олжас Байділдинов айтты.
Астана, NEGE. Оның сөзінше, алынған акциялардың басым бөлігін Ұлттық қордың портфеліне қосуға болады. Бұл Қазақстанға мұнай компаниялары акцияларының қымбаттауынан табыс тауып, мұнай экспортындағы іркілістерден болған шығынның бір бөлігін өтеуге мүмкіндік берер еді.
«Заңдық және корпоративтік тұрғыдан мұны жүзеге асыру қиын. Дегенмен ұзақ мерзімді перспективада экологиялық айыппұлды ақшалай емес, осы компаниялардың акциялары түрінде алған дұрыс болар еді. Қаражаттың басым бөлігін Ұлттық қорда сақтауға болады», – деп жазды Байділдинов.
Ол Каспий құбыр консорциумындағы мәселелерге, танкерлерге жасалған шабуылдарға және Қазақстандағы экологиялық дауға қарамастан, халықаралық мұнай компанияларының акциялары қымбаттап жатқанын атап өтті.
Байділдинов келтірген мәліметке сәйкес, ExxonMobil акциялары бір айда 15%, ал бір жылда 42% өскен. Компанияның Теңіз жобасындағы үлесі – 25%, Қашағанда –16,81%, КҚК-да – 7,5%.
Chevron акциялары бір айда 14%, бір жылда 26% қымбаттаған. Компания «Теңізшевройлдың» 50%-ына, Қарашығанақ жобасының 18%-ына және КҚК-ның 15%-ына иелік етеді.
Италиялық Eni компаниясының акциялары бір айда 12%, бір жылда 57% өскен. Франциялық TotalEnergies акциялары тиісінше 10% және 48%, ал британдық Shell акциялары 2% және 26% қымбаттаған.
«Қара теңіздегі шығындарын олар мұнай бағасының өсуі мен басқа елдердегі өндіріс есебінен оңай өтейді. Қазақстандағы активтерден түсетін кірістің азаюына қарамастан, компаниялардың нарықтық құны өсіп жатыр», – деді ол.
Байділдиновтің пікірінше, Қазақстан КҚК-ға жасалған шабуылдар мен экспорттағы шектеулер салдарынан валюталық кіріс пен салықтан қағылады. Ал халықаралық мұнай компаниялары түрлі елдегі жобаларының арқасында мұндай тәуекелдерден жақсы қорғалған.
Сарапшы мұнай компанияларының акцияларын Ұлттық қор портфеліне қосу Қазақстанға экспорттағы проблемалардан болған шығынды азайтып, олардың нарықтағы өсімінен табыс табуға мүмкіндік береді деп санайды.
Еске салайық, Қазақстанда Қашаған кен орнын игеретін North Caspian Operating Company (NCOC) филиалына қатысты 2,35 трлн теңгені өндіріп алу бойынша атқарушылық іс қозғалды.
Компанияға экологиялық айыппұл күкіртті сақтау талаптарын бұзғаны үшін салынған. Қазақстан соттары айыппұлдың заңды екенін растады.