Байбек басқаратын компания Ақмола облысында тау-кен байыту комбинатын іске қосты
Алматының бұрынғы әкімі Бауыржан Байбек басқаратын Qazaq Kaolin компаниясы Ақмола облысының Зеренді ауданында тау-кен байыту комбинатын техникалық іске қосты.
Астана, NEGE. Комбинат Алексеевское кен орны негізінде жұмыс істейді. Қазір кәсіпорында жабдықтар тексеріліп, сынақ ретінде алғашқы өнім шығарылды. Іске қосу және баптау жұмыстарына Германияның AKW компаниясының мамандары қатысып жатыр.
Компанияның бас директоры Марат Хасеновтың айтуынша, жоба байытылған каолин өндірісіне бағытталған. Кәсіпорын жылына 230 мың тонна шикізат өңдеп, 90 мың тоннаға дейін дайын өнім шығара алады. Сонымен қатар қосалқы өнім ретінде кварц құмын өндіру де қарастырылған.
Жобаның жалпы құны 12 млрд теңгені құрайды. Өндірісті толық іске қосу 2026 жылдың шілдесіне жоспарланған.
«Qazaq Kaolin» ЖШС-нің құрылтайшылары – Бауыржан Байбектің әкесі Қыдырғали Байбек және оның серіктесі Бекзат Керімбай.
2025 жылдың қыркүйегінде Бауыржан Байбектің қарындасы Айгүл Байбек NEGE редакциясына ағасының 2022 жылдың наурызынан бері «Qazaq Kaolin» компаниясында онлайн форматта кеңесші болып жұмыс істейтінін хабарлаған.
Компанияның ресми сайтындағы мәліметке сәйкес, 2025 жылдың 15 желтоқсанынан бастап Бауыржан Байбек директорлар кеңесін басқарады, яғни лауазымы өскен.