Бауыржан Байбектің әпкесіне тиесілі компанияның бухгалтері НЕГЕ жеті жылға сотталды?
Астанада Aray Media Group компаниясының бухгалтері Ризагүл Махметова сотталды. Сот оны 280 млн теңгені жымқырды деп айыптап, кінәлі деп таныды, деп хабарлайды Nege.Aqsha телеграм каналы.
Алматы, NEGE. Алайда Махметованың отбасы бұл үкіммен келіспейді. Оның әпкесі Мөлдірдің айтуынша, компанияның құрылтайшысы Айгүл Байбектің (Алматының бұрынғы әкімі Бауыржан Байбектің әпкесі) тапсырмасымен компания қаржыны салықты оңтайландыру үшін Махметованың жеке шотына аударып отырған. Ал ол өз кезегінде бұл ақшаны «Дос-Мұқасан» және «Қаныш Сәтбаев» фильмдерін түсіруге қатысқан жеткізушілер мен актерлерге аударған.
«Егер Ризагүл шынымен жүздеген миллионды жымқырған болса, Aray Media Group кеңсесінің алдында еңбекақысын ала алмай жүрген адамдар кезекке тұрар еді. Бірақ барлығы өз ақшасын алды, мемлекеттік сатып алулар бойынша есептер тапсырылды. Чектер де, құжаттама да, актілер де бар», – дейді Махметованың әпкесі.
Оның сөзінше, Айгүл Байбек аудиторларға тек Махметоваға ақша аударылған банктік үзінділерді ғана ұсынған, бірақ ол қаражаттың гонорарларға жұмсалғанын растайтын чектер мен құжаттарды көрсетпеген.
«Сол себепті адамдар біржақты қорытынды жасайды. Кейін әпкем өзі электронды чектерді, актілерді, үзінділерді жинап, тәуелсіз сарапшыға өткізді. Сараптама жымқыру болмағанын анықтады. Бірақ судья бұл дәлелдерді іске қоспай қойды. Оған мемлеккттік сарапшының болмауы себеп. Ал сарапшыға қылмыстық жауапкершілік туралы ескертілген болатын», – дейді сотталушының әпкесі.
Оның айтуынша, әпкесіне қысым оның жалақысын көтеруді сұрағаннан кейін басталған.
«Айгүл Байбек менің әпкемді кінәлі ету арқылы қандай пайда көздеп отыр? Салық тексерістері кезінде жауапкершіліктен құтылу үшін Ризагүлді кінәлі қылып шығарып отыр», – дейді ол.
Махметованың отбасы үкімнің қайта қаралуын сұрап, апелляцияға шағым түсірген.
Редакция аталмыш жағдайға қатысты Aray Media Group пен Айгүл Байбектің де пікірін білуге дайын.