2 июня 2025 г. 19:51

Батыс Қазақстан облысында интернет арқылы есірткі таратқан қылмыстық топ ұсталды

Фото: Полиция

Батыс Қазақстан облысында интернет арқылы есірткі таратқан қылмыстық топ әшкереленді, деп хабарлайды Polisia.kz.

Алматы, NEGE. Батыс Қазақстан облысы полиция департаментінің есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл басқармасы басқа да полиция бөлімшелерімен бірлесіп жүргізген арнайы жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде, интернет желісі арқылы есірткі мен психотроптық заттарды заңсыз өткізумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топтың әрекетін тоқтатты.

Тергеу барысында аталған қылмыстық топты Алматы қаласының тұрғыны ұйымдастырғаны анықталды. Ол интернет-дүкендер құру арқылы Батыс Қазақстан облысы аумағында есірткі заттарын таратуды жүйелі жолға қойған.

Қабылданған жедел шаралардың нәтижесінде топтың төрт белсенді мүшесі ұсталды.

Ұсталғандардың бірі — 27 жастағы Алматы қаласының тұрғыны, ол қалааралық курьер ретінде Орал қаласына есірткі жеткізіп отырған. Жеке тінту кезінде оның үстінен 145 оралған есірткі дозасы тәркіленді.

Сондай-ақ Орал қаласының 25 жастағы тұрғыны, есірткі тасымалдау желісіндегі «оператор-қоймашы» рөлін атқарған азамат ұсталды. Оның пәтерінен мефедрон, марихуана, электронды таразы мен орау материалдары тәркіленді. Қылмыстық схеманың тағы екі қатысушысы — Орал қаласының тұрғындары есірткі жасырушы ретінде анықталып, олардан 100 zip-пакетке салынған дайын есірткі заттары алынды.

Қазіргі уақытта топ ұйымдастырушысына қатысты ҚР ҚК 262-бабы 1-бөлігі бойынша (Ұйымдасқан қылмыстық топты құру және басқару), ал қалған қатысушыларға 262-баптың 2-бөлігі бойынша (Қылмыстық топтың құрамында әрекет ету) қылмыстық іс қозғалды.

Тергеу барысы полиция департаменті басшылығының жіті бақылауында.