Бапи: Дүмше уағызшылар қоғамға қауіп төндіріп отыр

Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи Бас прокурорға депутаттық сауал жолдап, интернет кеңістігінде белең алған псевдодіни насихатқа алаңдаушылық білдірді. Оның айтуынша, мұндай құбылыстар ұлттық құндылықтар мен ақпараттық қауіпсіздікке қатер төндіреді.

tizgin.kz

Астана, NEGE. Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи Бас прокурор Берік Асыловтың атына жолдаған депутаттық сауалында қоғам ішінде тамыр жайып бара жатқан теріс діни ағымдардың ықпалына назар аударды. Депутаттың пайымынша, діннің атын жамылған, бірақ діни білімі мен мәртебесі күмәнді «уағызшы-сымақтар» әлеуметтік желілер мен подкаст алаңдарын пайдаланып, халық санасына іріткі салатын мазмұн таратып отыр.

Депутат бұл ретте өз әйелін шәкіртіне қосқан имамның әрекетін сынға алды. Ол бұны адамгершілікке де, заңға да сыймайтын өрескел құбылыс ретінде бағалады.

«Адамды сыйға тарту – бұл адам саудасының нышаны. Мұндай әрекеттер заң алдында жауапкершілікке тартылуы тиіс», – деді ол.

Мәжілісмен діни нормаларды желеу етіп, құқықтық жүйені жоққа шығаратын әрекеттерге қатаң тосқауыл қою қажеттігін атап өтті.

Сондай-ақ депутат ұлттық салт-дәстүрге қарсы бағытталған пікірлердің де жиілеп кеткеніне тоқталды. Атап айтқанда, Наурыз мейрамын қаралайтын бейнематериалдар қоғам ішінде түсінбеушілік туғызып отырғанын жеткізді. Оның пікірінше, мұндай көзқарастар қазақ халқының тарихи жадына, мәдени коды мен рухани тамырына күмән келтірумен тең.

«Олардың уағызында Ораза айт пен Құрбан айттан басқа мейрамды, тіпті мемлекеттік мерекелерді атап өту – харам! Туған күн, шілдехана, тұсау кесу, беташар – харам, ешқайсысын тойлауға болмайды. Яғни, біздің түркілік тамырымыздан тарайтын құндылықтар олар үшін жат, харам, бөтен! Осы ретте мен осы теріс діндар тақуаларға сұрақ қойғым келеді: “Ағайындар, егер біздің сан ғасырлық ұлттық дәстүрлеріміз харам болса, Қазақстан мемлекеті сіздерге туған ел емес шығар?! Ұлттық құндылықтарды ғасырдан ғасырға сақтап қалған қазақтың қасиетті даласы сіздерге атамекен емес болар?! Ендеше, харамы жоқ, сіздер қош көретін елге неге қоныс аударып кетпеске?! Алды-артыңа бір уыс топырақ!”», – деді депутат.

Депутат мәселенің тек жекелеген оқиғалармен шектелмейтінін, оның астарында әлдеқайда терең қауіп жатқанын алға тартты. Әсіресе, әлеуметтік желілер арқылы таралатын мұндай уағыздар жас буынның таным-түсінігіне әсер етіп, дәстүрлі құндылықтардан алшақтатуы мүмкін екенін ескертті.

«Бүгінде жастардың дүниетанымы мешіт мінберінен емес, интернет кеңістігінен қалыптасып жатыр. Егер бұл алаңда ресми әрі сенімді ұстаным әлсіз болса, оның орнын күмәнді әрі қауіпті ақпарат басады», – деді депутат.

Осыған байланысты Ермұрат Бапи тек әкімшілік жаза жеткіліксіз екенін айтып, әлеуметтік ресурстар арқылы діни араздықты қоздыру және теріс діни насихат жүргізу фактілері бойынша қылмыстық жауапкершілікті күшейту мәселесін қарастыруды ұсынды.

Сонымен қатар депутат ресми діни институттардың да белсенділігін арттыру қажеттігін тілге тиек етті. Оның пікірінше, дәстүрлі исламды ұстанатын құрылымдар цифрлық кеңістікте жүйелі жұмыс жүргізіп, қоғамды жаңсақ уағыздардың ықпалынан қорғауға тиіс.

Қазір оқып жатыр

Алматыда бірнеше қылмысты жасырып қалған тергеуші сотталды

«Тоқтайтын түрі жоқ»: Депутат Алматыдағы апаттан кейін жазаны күшейтуді талап етті

Ұлттық қордан бөлінген қаржыны тексергеннен кейін бірнеше қылмыстық іс тіркелді

Air Astana-ны 21 жыл басқарған Питер Фостер ресми түрде қызметінен кетті