Баламның көлігі адамдардың өмірін сақтап қалды: Автобус апатынан қаза тапқан марқұмның әкесі пікір білдірді
Алматыда автобус астында жаншылып көз жұмған марқұм Айдос Әлменбаевтың жақындары кімнен көмек сұрарын білмей отыр. Жалғыз асыраушысынан айырылған отбасына ешкім қол ұшын созбаған, деп хабарлады КТК.
Алматы, NEGE. Көмек түгілі, автобус паркінен бір де-бір адам көңілін сұрап келмеді дейді. Үш баласымен жалғыз қалған ана әділдік іздейді. Үш бірдей адамның өмірін жалмаған апатқа қатысты жаңа деректер.
Қарт әке жалғыз ұлының енді қайтып келмейтініне сенгісі жоқ. Марқұм Айдос отбасының жалғыз асыраушысы болған. Микроавтобус айдап, күнделікті нәпақасын тауып жүріпті. Апат болған күні Райымбек даңғылының бойындағы аялдамаға тоқтап бой жазбақ болады. Көліктен түсе бергенінде қоғамдық көлік қағып өтеді.
– Егер баламның автобусы тұрмағанда, аялдаманың ішіне кіргенде, білмеймін, қанша адам қырылып, жаяу жүргінші жолдың ішіне кіріп кететін еді. Сол баламның спринтері қанша өмірді сақтап қалды. Көзі шығып кеткен. Жарты басы жоқ. Қолы сынған. Денесінің сау жері жоқ. Машинасын жасап шыққанына екі-ақ күн болған. Қайғыдан қан жұтқан отбасына марқұмның денесін тану оңайға соқпаған. Қатты соққыдан басының сау-тамтығы қалмапты, – деді Қыдырғали Әлменбаев.
Айдос Әлменбаевтың артында шырылдап үш қызы қалды. Екеуі де кәмелетке толмаған. Ең үлкені – 19, екіншісі – 12, үшіншісі небәрі 4 жаста.
Қара жамылған отбасы апатқа автобус жүргізушісінің тікелей қатысы барын айтады. Әйелдің де жауапқа тартылуын талап етіп отыр.
Ағайын-туыстың марқұмды жер қойнына тапсырып келген беті осы. Енді тергеудің әділ жүріп, күдіктінің қатаң жазаға тартылуын талап етіп отыр. Автобус паркінен өтемақы төлеуді де талап етеді. Бірақ ондағылар асықпайтын сыңайлы. Тіпті көңіл айтуға да жарамаған.
Ал әкімдіктегілер апат болған аумақтағы қауіпсіздік шараларын күшейтеміз деп отыр.
– Қазір Қалқаман ықшамауданы мен №7 қалалық клиникалық ауруханасының аялдамасында және Райымбек даңғылында көлік торабын салу жобасы әзірленуде. Көлік торабы №7 аурухана маңында қойылады. Екі блоктан тұрады және жерасты жаяу жүргіншілер өткеліне қосылған. Жоба құжаттамасы бүгінде мемлекеттік сараптамадан өткізіліп жатыр. 2024 жылы аяқталады деп жоспарланған. Әкімдіктің айтуынша бұл өзгерістер қала сыртындағыларға қолайлы әрі қауіпсіз болмақ, - деді Алматы қаласы мобильді басқармасы.