Бақытжан Базарбек қатысқан жол апатында зардап шеккен ер адам ауруханадан шықты

Бұрынғы мәжіліс депутатымен болған жол апатында жарақат алған Нұржігіт Қошанов ауруханадан шықты.

Видеодан кадр/instagram.com/bakytzhan.bazarbek

Астана, NEGE. Бұл жөнінде желіде Бақытжан Базарбектің өзі хабарлап, бір айдай ем алған Нұржігіттің ауруханадан шығарылған сәтінен видео жариялады.

«Нұржігітті Тараз қаласының қалалық көпбейіндік ауруханасынан шығардық. Нұржігіт соңғы үш күн бойы емханадан шығуға асығып отырған. Міне, отыз бірінші күні емханадан аман-сау шықты», – деп жазды экс-депутат.

Еске салсақ, 16 тамызда Т. Рысқұлов ауданындаы Бақытжан Базарбек жолда адамды қағып кеткені туралы ақпарат тараған болатын. Полиция мәліметінше, Т. Рысқұлов ауданында Toyota жүргізушісі жол жиегінде тұрған ер адамды қағып кеткен. Жол-көлік оқиғасы кезінде зардап шеккен Нұржігіт Қошанов ауыр жағдайда аудандық аурухананың жансақтау бөліміне жеткізілген.

Көп ұзамай Базарбектің өзі желіде жазба жариялап, Жамбыл облысы аумағында болған жол-көлік апаты бойынша тергеу амалдары жүріп жатқанын мәлімдеді. Ол бұдан кейін де оқырмандарын Нұржігіттің хал-жағдайынан хабардар етіп отырды. Сондай-ақ Бақытжан Базарбек жол апатында Нұржігіттің аяғы сынғанын, сол бағытта ем-шаралар жалғасатынын айтты.