Әзербайжан тарапы қазақстандықтарға әскерилердің қазасына байланысты көңіл айтты

Әзербайжан Сыртқы істер министрлігі Каспий теңізінде Қазақстан Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде қаза тапқан әскери қызметшілердің туған-туысы мен жақындарына және барша қазақстандықтарға көңіл айтты.

Қорғаныс министрлігі

Астана, NEGE. Ведомствоның Х әлеуметтік желісіндегі парақшасында жарияланған хабарламада әзербайжандықтар әскери оқу-жаттығу кезінде бірнеше адамның қаза болғаны туралы хабарды қайғыра қабылдағаны айтылған.

«Қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасы мен жақындарына, сондай-ақ бауырлас Қазақстан халқы мен Үкіметіне көңіл айтамыз. Алла қаза болғандардың рухына мәңгілік тыныштық, ал олардың отбасына осы ауыр кезеңде күш-қуат пен сабыр берсін», – делінген Әзербайжан Сыртқы істер министрлігі хабарламасында.

Бұған қоса, Әзербайжан тарапы қалған әскери қызметшілердің құтқарылатынына үміт етіп, жарақат алған әскерилердің тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдірді.

Айта кетейік, Қазақстандағы қайғылы жағдай 24 қыркүйекте Каспий теңізінің жағалауындағы оқу-жаттығу кезінде болды. Оқу-жаттығу кезінде ауа райы күрт нашарлап, жел күшейіп, 19 әскери қызметші суға кетті. Қорғаныс министрлігі тоғыз әскери қызметші қайтыс болғанын хабарлады. Үш әскери қызметші құтқарылып, олардың біреуі ауруханаға жатқызылды.