«Атқа байлап, сүйрегенсіңдер ме?»: Айзат Жұманованың анасы сотта жауап берді
Бүгін Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының ғимаратында Айзат Жұманованың өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша басты сот отырысы басталды.
Сот процесі барысында прокурор Нұрлан Билібеков айыптау актісін оқып, ерлі-зайыптылар арасындағы жанжалға қызғаныш себеп болғанын мәлімдеді.
Айыптау актісінен кейін тараптардан жауап алу басталды. Сотқа қатысушылар алдымен айыпталушы Айбар Жанболаттан жауап алуды қолдады. Алайда ол қазір өзінің дайын емес екенін алға тартып, кейінірек жауап беруге уақыт сұрады.
Сонымен қатар БАҚ өкілдеріне сотталушыны түсіруге тыйым салынды.
Сотта алғашқылардың бірі болып Айзат Жұманованың анасы Салтанат Жұманова жауап берді.
«Оқиға болғанға дейін бір апта бұрын мен сол ауылға бардым. 22 мамырда менің анам қайтыс болған еді. Айбардың әкесі мен шешесі мені «жұбату шайына» шақырды. Мен, жолдасым, әпкем және тағы бірнеше адам қонаққа бардық. Айбардың әке-шешесі мен үш әпкесі бізді қарсы алды. Біз сол жерде түнедік, ертесі үйімізге қайттық. Сол кезде Айбар біздің жанымызға жақындамады, үстелге отырмады, үйге де кірмеді. «Сәбіз егіп жатырмын» деген сылтаумен бақшада жүрді», – деді жәбірленуші.
Жұманова ары қарай қызының қазасы туралы қалай естігенін, сол күні не болғанын баяндап берді. Айтуынша, сол уақытта Айзаттың әкесі инсульт алғанына байланысты Талдықорғанда оңалту орталығында жатқан. Өзі 22 маусымда үйде болған. Сағат 7:00-де туыстары хабарласқан. Кейін олар үйге келген.
«8:45-те «Салтанат, саған келіп тұрмыз, есікті ашшы» деді. Мен оларды анама көңіл айтуға келген деп ойладым. Есікті ашсам, үйге бір топ кісі кірді. Келіп отырған бойда Айбардың шешесі келді. Құдағи келіп: «Қызың ұшып кетті» деді. Мен түсінбедім. Неден ұшып кетті? Маған нақты жауап бермеді», – дейді марқұмның анасы.
Сол кезде Салтанат Жұманова көрші тұратын қайын сіңлісін шақыртқан.
«Ауруханаға барғанымызда бізді кіргізбеді. Түнде қайтыс болып кеткенін, мәйітханада екенін айтты. Біз мәйітханаға бардық, бірақ дұрыс есікті таппай, бір жерге кіріп кеттік. Сол кезде бізге: «Түнде өлген Айзатты іздеп жүрсіңдер ме? Мына жақта жатыр», – деп бір есікті көрсетті. Бізге Айзатты көрсетуге болмайды деп, кіргізбей қойды», – дейді Салтанат Жұманова.
Содан қайын сіңлісі қояр да қоймай кіруге рұқсат алып, екеуі бірге кірген.
«Айзаттың бетін көргенде мен шыдай алмадым, шығып кеттім. Қайын сіңлім бәрін көріп шықты. Мен есік алдында есімді білмей тұрдым. Қайын сіңлім бізге мән-жайды айтып: «Құдағи, мына қызды атқа байлап, сүйреген бе?» деді. Қызымның денесінде сау жер қалмағанын сол жерде қайын сіңлім айтты. Әкесі бұл хабарды сол кезде естімеген еді», – деді анасы.
Салтанат Жұманова өзіне дер кезінде хабар берілмегенін де атап өтті.
«15 минуттық жерде маған хабар бере алмады, Алматы мен Талдықорғаннан барлық туыстарды жинап келді», – деді ол.
Анасының айтуынша, қызынан бірнеше рет «Айбардың мінезі жаман» дегенді естіген. Күйеубаласы Айзатқа үнемі хабарласып, қайда екенін бақылап отырған. Сонымен қатар оның телефонына келген смс-хаттарды да тексерген. Бірақ анасы істің дәл осындай жағдайға жететінін ойламаған.
Жәбірленуші жергілікті такси жүргізушілерінен күйеубаласы Айбар Жанболаттың «нашақор» екенін естіген. Анасының айтуынша, Айбар қызына үйленбей тұрып та дене жарақатын салған.
Айзаттың артында қалған екі жасар қызының жүрегінде ақау бар. Бұған дейін бірнеше рет емделіп, ота жасатқан. Салтанат Жұманованың айтуынша, ол немересін еш жерге қарата алмай отыр, өйткені әкесі Айбардан уақытша сенімхат ала алмаған.