5 февраля 2026 г. 16:39

Айгүл Сайлыбаеваның іздеудегі күйеуі Мәскеуде дәріс оқып жүр екен

Фото: жеке архивтен

Германияда кісі қолынан қаза тапқан экс-судья Айгүл Сайлыбаеваның күйеуі әрі осы іс бойынша күдікті ретінде танылған Александр Донцовтың Мәскеудегі «Жоғары экономика мектебі» ұлттық зерттеу университетінде жұмыс істеп жүргені мәлім болды.

Астана, NEGE. Бұл жөнінде Doxa басылымының журналистері хабарлады.

Жоғарғы оқу орнының сайтындағы дерекке қарағанда, Александр Донцов әлемдік экономика және әлемдік саясат факультетінде 2025 жылғы қыркүйектен бастап ғылыми қызметкер болып жұмыс істеп келген.

Оған дейін 2024 жылғы қыркүйектен бастап Ресейдегі Ғылыми-техникалық саладағы экономика, саясат және құқық ғылыми-зерттеу институтында аға ғылыми қызметкер, Жоғарғы бизнес мектебінде жоба жетекшісі болған.

Бұл оқу орнына сол жылдың қыркүйегінде Германиядағы Гейдельберг халықаралық қақтығыстарды зерттеу институтынан ауысып келген деп топшылауға болады. Олай дейтініміз, сайттағы мәлімет бойынша, Германияда сол уақытқа дейін жұмыс істегені көрсетілген.

Сондай-ақ Донцовтың философия ғылымдарының докторы екені белгілі болды.

Еске салсақ, бұған дейін Айгүл Сайлыбаеваның өліміне күдіктілер – күйеуі Александр Донцов пен енесі Наталья Донцованың Мәскеуде тұрып, жұмыс істеп жатқаны туралы ақпарат шыққан еді.

Telegram-дағы ресейлік 112 арнасы Донцовты іздеп тауып, оқиға жөніндегі пікірін жазып алған.