Айдос Мырзахметов қорғаныс министрі болып тағайындалды

Айдос Мырзахметов Қазақстанның қорғаныс министрі болып тағайындалды. Бұған дейін ол Қарулы күштердің Арнайы операциялар күштерін басқарған.

Ақорданың баспасөз қызметі

Астана, NEGE. Мырзахметов – Қазақстан Қарулы күштері Әскери академиясының түлегі. Әскери қызметін взвод командирі болып бастап, кейін Мемлекеттік күзет қызметі департаментінің бастығына дейін көтерілген.

2024 жылғы қаңтарда ол Қарулы күштердің Арнайы операциялар күштерінің қолбасшысы болып тағайындалды.

2026 жылғы мамырда Айдос Мырзахметовке генерал-майор әскери атағы берілді. Ол II дәрежелі «Айбын» орденінің иегері.

Еске салсақ, 24 қыркүйек күні Каспий теңізінде оқу-жауынгерлік тапсырманы орындау кезінде 17 әскери қызметші теңіз суына кетті. Бастапқыда Қорғаныс министрлігі 12 сарбаз қаза тауып, үш әскери құтқарылғанын, екі сарбаз іздестіріліп жатқанын хабарлады. Екі сарбаздың денесі бүгін таңертең табылды.

Сарбаздардың қаза болуына байланысты екі бап бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділовтің мәлімдеуінше, қылмыстық іс Қылмыстық кодекстің 453-бабының 2-бөлігі – ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметке салғырт қарау және 465-бабы – кеме жүргізу қағидаларын бұзу бойынша тергеліп жатыр.

Ішкі істер министрлігі бүгін бес әскери лауазымды тұлға уақытша ұстау изоляторына қамалғанын хабарлады. Олардың ішінде ҚР Қарулы күштері әскери-теңіз күштері бас қолбасшысының бірінші орынбасары – штаб бастығы, екі әскери бөлімнің командирі, теңіз жаяу әскерлері ротасының командирі және «Қайсар» катерінің командирі бар. Олар ауыр зардаптарға әкеп соққан қылмыстық құқықбұзушылықтар жасады деген күдікке ілініп отыр.

Осы оқиғадан кейін 27 қыркүйекте Дәурен Қосанов қорғаныс министрі қызметінен босатылды.