«Аузыңды жап, қазір сені де өлтіреміз деді» – Марқұм Шерзаттың анасы қылмыс болған күнгі оқиғаны айтып берді
Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының ғимаратында Шерзат Полаттың өліміне қатысты сот отырысы өтіп жатыр.
Алматы, NEGE. Бүгін куәгерлерден жауап алынады. Бірінші болып Шерзат Полаттың әжесі Жұмабике Кадировадан жауап алынды. Одан кейін марқұмның анасы Гүлбара Бишімбиева сотта куәлік етті.
- Тақырыпқа орай: «Бір Аллаға тапсырдым» – Шерзат Полаттың отбасы сотталушылардың бірін кешіргенін хабарлады
«2024 жылы 3 қазан күні түнде жолдасым Қаржаубай маған қоңырау шалып: «Шерзат біреуді ұрып қойды, Нұрғанатты тезірек оят», – деді. Шерзаттың әжесі екеуміз бөлмесіне барып, Нұрғанатты оятып, жағдайды түсіндірдік. Ол тез орнынан тұрып, киініп, әкесінің машинасымен магазин жаққа қарай шығып кетті. Біз уайымдап, 5 минуттан кейін Қаржаубайға қайтадан хабарластым. Қаржаубай бәрі жақсы екенін айтты. Біз оған шыдаған жоқпыз, әжесі екеуміз жолға шығып кеттік. Трассаға шыққанда машина тез келе қалды. Ол кісіге мекенжайды айтып едім, жолды білмейтінін айтты. Мен көрсетіп тұрамын, бізді тез апарыңызшы деп өтіндім. «Қамажай» дүкеніне 5-10 минутта жетіп бардық. Жолдың бер шетіне түстік, жолдың арғы шетіне мен жүгіріп өттім. Өткен кезде дүкеннің алдынан 10-15 адамды көрдім. Әжесі менің артымда келе жатқан. Сол кезде адамдар арасынан екі қызды көрдім. Одан кейін сол жердегі біреуі «делайте» деп айтады. Сол сәтте бұлар жабылып кетеді. Дархан (Әскентай) Шерзатты бетінен ұрады. Шерзат артқа қарай шегініп, оны қайтадан ұрады, ол жерге құлап түседі. Содан кейін Абзал (Шынасыл) Ахметті ұрып жібереді, ол дүкеннің керегесіне басын ұрып алады. Бұлар Шерзат пен Нұрғанатқа жабылып кетеді. Әжесі жүгіріп келіп: «Балаларым, қойыңдар», деп айтып жатқанда Абзал (Шынасылов) қолынан жұлқып жібереді. Мен Шерзатқа жүгіріп бара жатқан кезде Абзал мен Нұрбол мені қолымнан ұстап алады. Шерзатқа жібермей қояды. Мен оларға «анасымын, балама тимеңдерші», деп өтіндім. Сол кезде Абзал (Шынасыл) маған аузыңды жап, қазір сені де өлтіремізаузыңды жап, қазір сені де өлтіреміз», дейді. Дүкен жаққа қарағанымда екі қызды көрдім. Оларға қарап, жедел жәрдем мен полиция шақырыңдаршы дедім. Ол қыздар ешқандай әрекет еткен жоқ, маған қарап тұрды. Сол кезде қолдарынан жұлқынып, Шерзатқа қарай шығып кеттім. 7-8 адам Нұрғанат пен Шерзатқа жабылып жатты. Сол кезде Шерзат артқа шегінеді де құлайды. Сол кезде Шерзаттың аузынан бұрқ етіп қан аққанын көрдім. Шерзаттың жанынан жүгіріп бардым. Шерзат маған: «Мама, мына жағымды қараңызшы» дейді, сол кезде сол жағына пышақ салынғанын көрдім. Олар Нұрғанатқа жабылып жатты. Мен сол сәтте Нұрқиястың қолынан мылтық көрдім. Нұрғанатты тепкілеп, ұрған соң баламның ауыр халде жатқанына қарамастан олар бізге қарай беттеді. Нұрқияс Шерзаттың басынан ұрып жатқан кезде баламды қорғап, оң қолыммен тосып қалдым. Ол қолыма тиді. Олар баламның желке тұсына соққы жасады. Сол кезде бұлар менің айқайлағаныма да қараған жоқ. Сол кезде Нұрқияс: «Тыныш тұр, сені де осы мылтықпен ұрамын», деп айтады. Сол уақытта сол маңдағы үйдің адамдары шығып қалады. Бұлар қаша бастады», - деп сол күнгі оқиғаны Шерзаттың анасы баяндап берді.
Сонымен қатар, Шерзаттың анасы Дархан Әскентайдың Қаржаубайдың бетінен бөтелкемен ұрғанын көргенін де айтып өтті.