Аутизмді «емдейміз» деп ақша алады: Қазақстанда мұндай орталықтарды кім бақылайды?
Мәскеуде аутизм спектрінің бұзылысы және басқа да ауыр неврологиялық диагнозы бар балалардың ата-аналарына қымбат әрі ғылыми дәлелі жоқ ем ұсынды деген күдікпен жекеменшік клиниканың директоры мен дәрігері ұсталды. Осы оқиғадан кейін «Аутизм Қазақстан» қауымдастығы еліміздегі осындай орталықтардың жұмысын бақылауға алып, ата-аналарға жалған үміт беретіндерді жауапқа тартуды талап етті.
Астана, NEGE. Ресей Тергеу комитетінің мәліметінше, клиника қызметкерлері 2017 жылғы желтоқсаннан 2026 жылғы сәуірге дейін ата-аналарды қымбат процедуралар мен дәрі-дәрмектерге ақша төлеуге көндіріп келген. Тергеу дерегіне сүйенсек, ұсынылған ем мұндай диагнозы бар адамдарға арналмаған, оның тиімділігі ғылыми тұрғыда дәлелденбеген әрі Ресей Денсаулық сақтау министрлігінің клиникалық ұсынымдарына енгізілмеген.
Клиника директоры мен дәрігеріне қатысты алаяқтық және абайсызда денсаулыққа ауыр зиян келтіру баптары бойынша тергеу жүріп жатыр.
Тақырыпқа орай: Аутизмнің емі жоқ, бірақ «емшілер» көбейіп барады
«Аутизм Қазақстан» қауымдастығының хабарлауынша, әңгіме Мәскеудегі «ПланетаМед» клиникасы туралы болып отыр. Ұйымның мәліметінше, онда аутизмді паразиттерге қарсы дәрілермен, дің жасушаларымен және тиімділігі дәлелденбеген басқа да тәсілдермен «емдеу» ұсынылған.
Осы жағдайдан кейін қауымдастық Қазақстанда да аутизмді «емдейміз» деп ата-аналарды жаңылыстыратын клиникалар мен жекелеген тұлғаларды жауапқа тарту қажет екенін мәлімдеді.
«Қазақстанда да көптеген ата-ананы жаңылыстырған осындай клиникалардың жұмысын бақылауға алып, басшыларын жауапқа тарту қажет. Қазір елімізде аутизмді дәлелденбеген тәсілдермен ғажайып түрде емдеуге уәде беретін жосықсыз клиникалар мен адамдар еш кедергісіз жұмыс істеп жүр. Қазақстанда да осындай шаралар қабылдануы керек. Неліктен түрлі клиникалар мен адамдар “аутизмді емдейміз” деп жарнама жасап, ата-аналарды жаңылыстыруға тиіс?» – деп мәлімдеді қауымдастық.
Ұйым мұндай орталықтардың жұмысын бақылап, заң бұзғандарды жауапқа тарту үшін Денсаулық сақтау министрлігінің өкілеттігін күшейтіп, «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекске өзгерістер енгізу қажет деп санайды.
Бұған дейін Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі ерекше қажеттілігі бар балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналарға үндеу жасаған еді.
«Аутизм спектрінің бұзылысы – халықаралық медицина қауымдастығы мойындаған нейродаму ерекшелігі. Аутизм баланы дұрыс тәрбиелемеуден, гаджет қолданудан немесе вакцинадан пайда болмайды. Қазіргі таңда аутизмді “тез әрі толық емдеуге” мүмкіндік беретін, тиімділігі ғылыми тұрғыда дәлелденген әдіс жоқ», – делінген министрлік хабарламасында.
Дәрігерлердің ескертуінше, «ғажайып ем» деп ұсынылатын тәсілдер, күмәнді дәрі-дәрмектер мен жалған ғылыми әдістер ата-аналарды жаңылыстырып қана қоймай, баланың дер кезінде кәсіби көмек алуына қажетті уақытты жоғалтуына әкелуі мүмкін.