Атыраудағы Сұлтан Сәрсемәлиевке қатысты іс бойынша жаңа айыптар тағылды
Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған сотында бір отбасының төрт адамын өлтірді деп айыпталған Сұлтан Сәрсемәлиевтің ісі қаралуда. Сотта прокурорлар айыптау актісінің жаңа редакциясымен таныстырды.
Астана, NEGE. «Ақ Жайық» басылымының жазуынша, қылмыстық істегі бірнеше эпизод қайта сараланып, олардың бірқатары бойынша айыптар толықтырылып, ал кейбір қылмыстарға жаңа құқықтық баға берілген.
Айыптау актісіндегі елеулі өзгеріс Сәрсемәлиевтің бұрынғы қайын атасы Мақсот Қарабалин мен енесі Нәсіп Өтешқалиеваны өлтіру эпизодтарына қатысты енгізілген. Тергеу нұсқасына сәйкес, ерлі-зайыпты Наурыз Мұқанғалиевтің өлімін жасыру мақсатында өлтірілген. Сондықтан оларды өлтіру эпизоды бойынша айып Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі 13-тармағымен – басқа қылмысты жасыру мақсатында жасалған кісі өлтіру бабымен толықтырылды.
Айыпталушының бұрынғы балдызы Мейрамгүл Қарабалинаны өлтіру эпизоды бойынша да айып толықтырылған. Тергеу мәліметінше, әйел психикалық дертке шалдыққан, мүгедектігі болған және өзін қорғай алмаған. Осыған байланысты айыпқа қосымша саралаушы белгілер енгізілді.
Бұдан бөлек, қаза тапқан туыстарының атына рәсімделген мүгедектік жәрдемақылары мен зейнетақы төлемдерін заңсыз алу енді ақпараттық жүйені пайдалану арқылы жасалған интернет-алаяқтық ретінде бағаланбақ. Ал жәбірленушілердің малын сату эпизоды алаяқтықтан мал ұрлығы бабына қайта сараланды.
Сондай-ақ айыптау актісінен бұған дейін жазаны жеңілдететін мән-жайлар ретінде қарастырылған жайттар алынып тасталды. Атап айтқанда, кінәні мойындау, өкіну және сотталушының кәмелетке толмаған бес баласының болуы енді жеңілдететін мән-жай ретінде есепке алынбайды.
Айта кетейік, өткен жылы 25 желтоқсанда Атырау қаласының тұрғыны полицияға арызданып, ағасы мен оның отбасы мүшелері хабар-ошарсыз кеткенін мәлімдеген. Бұл дерек бойынша Қылмыстық кодекстің «Адам өлтіру» бабы бойынша іс қозғалды.
6 қаңтарда Атырау облысында хабар-ошарсыз кеткен ерлі-зайыпты – 1959 жылы туған Мақсот Қарабалин мен 1961 жылы туған Нәсіп Өтешқалиеваның мәйіттері ауылдағы үйінің қорасынан табылғаны хабарланды. Екі адамның өліміне отбасының күйеу баласы Сұлтан Сәрсемәлиев күдікті деп танылып, оған іздеу жарияланды.
Күдікті Сәрсемәлиев пен бұрынғы жұбайы Ақбаян Мұқанғалиева 24 ақпанда Индонезияның Ломбок аралында ұсталды. Олар 9 наурызда Атырауға жеткізілді.
Күдікті қылмысын мойындағаннан кейін қалған екі мәйіттің қай жерде көмілгенін көрсеткен. Жедел қызметкерлер оның айтқан жері – Геолог ауданында бұрын жалдап тұрған үйінің ауласын тексеріп, Наурыз бен Мейрамгүлдің денесін тапты.