Прокурор Сұлтан Сәрсемәлиевке өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын сұрады

Прокуратура Атырау облысындағы Жангелдин ауылында ата-анасы, бауыры мен әпкесі өлтірілген Ақбаян Мұқанғалиеваға қатысты қылмыстық істі тоқтатты. Ал жарыссөзде айыпталушы Сұлтан Сәрсемәлиевке прокурор өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.

Видеодан кадр/ІІМ

Астана, NEGE. Тергеу барысында Ақбаян Мұқанғалиева бұрынғы күйеуі Сұлтан Сәрсемәлиев жасаған қылмысты жасырды деген күдікті растайтын жеткілікті дәлелдер анықталмаған.

Прокуратураның мәліметінше, Алматы қаласында жүргізілген кешенді стационарлық сот-психологиялық және сот-психиатриялық сараптаманың қорытындысына сәйкес, оған дәрігерлердің тұрақты бақылауында болу және қосымша дифференциалды диагностикадан өту ұсынылған. Қазіргі уақытта ол тиісті ем қабылдап жатыр.

Айта кетейік, Сұлтан Сәрсемәлиев пен оның бұрынғы жұбайы Ақбаян Мұқанғалиева Индонезияда ұсталғаннан кейін оларға қатысты «Адам өлтіру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған болатын. Кейін тергеу барысында Мұқанғалиеваға тағылған айып оның әрекетінде қылмыс құрамы болмағандықтан алынып тасталды.

Қазіргі уақытта Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған сотында бір отбасының төрт адамын – Мақсот Қарабалин мен енесі Нәсіп Өтешқалиеваны және Наурыз Мұқанғалиев пен Мейрамгүл Қарабалинаны өлтірді деп айыпталған Сұлтан Сәрсемәлиевтің ісі қаралып жатыр. Таяуда прокурорлар айыптау актісінің жаңа редакциясын таныстырды. Қылмыстық істегі бірнеше эпизод қайта сараланып, нәтижесінде Сәрсемәлиевке тағылған айыптар ауырлай түсті.