Атыраудағы $2 млрд-тық жоба: Қылмыстық іс бар ма, жоқ па?
Атырау облысында құны 2 млрд доллардан асатын мұнай-газ химиясы жобасына қатысты тараған ақпаратты тексеру үшін NEGE редакциясы бірнеше мемлекеттік органға сауал жолдаған еді. Қаржылық мониторинг агенттігі аталған жоба бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілмейтінін хабарлады.
Астана, NEGE. Бұған дейін бұқаралық ақпарат құралдарында Атырау облысындағы ірі мұнай-газ химиясы жобасын іске асыру кезінде лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалғаны жөнінде ақпарат тараған болатын.
Сондай-ақ жобаға Ұлттық қордан қаржы бөлінген болуы мүмкін екені, ал құрылысқа қатысқан ұлттық компаниялардың бұрынғы басшылары мен мердігер ұйымдардың қызметі тексеріліп жатқаны айтылды. Алайда бұл мәліметтер ресми түрде расталған жоқ.
Ақпараттың анық-қанығын білу үшін NEGE редакциясы Энергетика министрлігіне, Атырау облысының прокуратурасына және Қаржылық мониторинг агенттігіне ресми сауал жолдады.
Қаржылық мониторинг агенттігі не дейді?
17 қарашада Қаржылық мониторинг агенттігінен редакцияға жауап келді.
«Қазақстан Республикасының Қаржылық мониторинг агенттігі Сіздің сұрауыңызды қарап, мұнай-газ химиясы жобасын іске асыру кезінде лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеулер жоқ екенін хабарлайды», – делінген агенттік жауабында.
Демек, ҚМА өз құзыреті шеңберінде мұндай тергеу жүргізілмейтінін хабарлап отыр. Алайда бұл өзге құқық қорғау органдарында қылмыстық іс жоқ дегенді білдірмейді.
Сауал ҰҚК-нің орталық аппаратына жолданды
Редакция Атырау облысының прокуратурасына да сауал жолдаған болатын. Облыс прокурорының бірінші орынбасары сауалды қарау үшін ҰҚК-нің Атырау облысы бойынша департаментіне жіберген.
Ал аталған департамент бастығының орынбасары редакция сауалын ҰҚК Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметінің Сотқа дейінгі тергеу департаментіне жолдағаны белгілі болды.
Жауапсыз қалған сұрақтар
Осылайша, редакция сауалы бірнеше мемлекеттік органның қарауынан өтті. Қаржылық мониторинг агенттігі сотқа дейінгі тергеу жоқ екенін хабарлағанымен, ҰҚК әзірге қылмыстық істің бар-жоғын нақтыламады.
Бұған дейін Энергетика министрлігі де ресми түрде расталмаған мәліметтерге түсініктеме бермейтінін айтып, жобаның атауы, қаржыландыру көздері мен құрылыс барысы туралы сұрақтарды жауапсыз қалдырған еді.