9 января 2026 г. 10:26

Атырау облысында жоғалған отбасы: Күдіктіге іздеу жарияланды

Фото: qamqor.gov.kz

Құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдарының порталында Атырау облысында жоғалып кеткен отбасы ісі бойынша күдікті деп танылған Сұлтан Сарсемалиевке іздеу жарияланды.

Астана, NEGE. Ол ерлі-зайыптыны өлтірді деген күдікке ілінген.

Порталдағы ақпаратта Сұлтан Сарсемалиевке бір күн бұрын іздеу жарияланғаны көрсетілген.

«Туған күні: 24.04.1996, жынысы: еркек, Қазақстан Республикасының азаматы, Қазақ. Іздестіру ісі 08.01.2026 Атырау облысы өңірінде тіркелді. Бастамашы: ҚР ІІМ. Іздестіруді жүргізетін орган: Атырау облысы ПД», – делінген ақпаратта.

Айта кетейік, өткен жылы 25 желтоқсанда Атырау қаласының тұрғыны полицияға арыз түсіріп, ағасы мен оның отбасы мүшелерінің бір айдан астам уақыт бойы хабарсыз кеткенін мәлімдеген. Бұл дерек бойынша Қылмыстық кодекстің «Адам өлтіру» бабы бойынша іс қозғалды.

6 қаңтарда Атырау облысында хабар-ошарсыз кеткен ерлі-зайыпты – 1959 жылы туған Мақсот Қарабалин мен 1961 жылы туған Насипа Өтешқалиеваның мәйіттері ауылдағы үйінің сарайынан табылғаны хабарланды. Қазіргі таңда отбасының тағы екі мүшесі – 1990 жылы туған Мейрамгүл Қарабалина мен 1993 жылы туған Наурыз Мұқанғалиев іздестіріліп жатыр.