Атырау облысында өлтірілген отбасы ісі: қылмыс қашан және қалай жасалғаны айтылды
Атырау облысы прокуратурасының мәліметінше, күдікті Сұлтан Сәрсемалиев балдызы Наурыз Мұқанғалиевті мамыр айында, ал Қарабалиндер отбасының қалған үш адамын қарашада өлтірген.
Астана, NEGE. Қылмыс бір мезетте жасалмаған: алғашқы және кейінгі эпизодтардың арасында бірнеше ай өткен, деп жазады «Ақ Жайық» басылымы.
Тергеу дерегінше, күдікті қылмысты жалғыз өзі жасаған. Сот-психиатриялық сараптама қорытындысына сәйкес, Сәрсемалиев ақыл-есі түзу және өз әрекеттері үшін жауап бере алады деп танылған.
Атырау облысы прокурорының көмекшісі Жандар Болатбектің айтуынша, қаза тапқандардың денесінде ас үй пышағымен салынған көптеген пышақ жарақаттары анықталған.
«Әрқайсысында алты және одан да көп жарақат бар, олар кеуде, мойын және өмірлік маңызды ағзалар аймағында орналасқан», – дейді прокуратура өкілі.
Қылмыстық іс мамыр айында сотқа жолдануы мүмкін.
Сәрсемалиевтің жұбайы әрі қаза тапқандардың қызы Ақбаян Мұқанғалиеваға қатысты түпкілікті қорытынды әзірге шығарылған жоқ. Атырауда мамандар оның психикалық жағдайына нақты баға бере алмағандықтан, Алматыда қайта сот-психиатриялық сараптама тағайындалды.
Айта кетейік, өткен жылы 25 желтоқсанда Атырау қаласының тұрғыны полицияға арызданып, ағасы мен оның отбасы мүшелерінің бір айдан астам уақыт бойы байланысқа шықпағанын хабарлаған. Бұл дерек бойынша Қылмыстық кодекстің «Адам өлтіру» бабы бойынша іс қозғалды.
6 қаңтарда Атырау облысында хабар-ошарсыз кеткен ерлі-зайыпты – 1959 жылы туған Мақсот Қарабалин мен 1961 жылы туған Насипа Өтешқалиеваның мәйіттері ауылдағы үйінің қорасынан табылғаны хабарланды. Екі адамның өліміне отбасының күйеу баласы Сұлтан Сәрсемәлиев күдікті деп танылып, оған іздеу жарияланды.
Күдікті Сәрсемәлиев пен бұрынғы жұбайы Ақбаян Мұқанғалиева 24 ақпанда Индонезияның Ломбок аралында ұсталды. Олар 9 наурызда Атырауға жеткізілді.
Күдікті қылмысын мойындағаннан кейін мәйіттердің қай жерде көмілгенін көрсеткен. Жедел қызметкерлер оның айтқан жері – Геолог ауданында бұрын жалдап тұрған үйінің ауласын тексеріп, Наурыз бен Мирамгүлдің денесін тапты.