Астанадағы LRT алдағы демалыс күндері іске қосылады
Астаналықтар алдағы демалыс күндері, яғни 16-17 мамырда алғаш рет қала ішінде LRT арқылы қатынай алады. Бұл жөнінде журналистерге City Transportation Systems компаниясының басқарма төрағасы Асылбек Дүйсебаев мәлімдеді.
Астана, NEGE. Компания өкілдерінің мәлімдеуінше, қазіргі уақытта соңғы дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр.
LRT бағыты әуежайдан басталып, елорданың негізгі көшелері мен аудандарын қамтиды. Желінің жалпы ұзындығы – 22,4 шақырым.
Пойыздар таңғы сағат 06:00-ден кешкі 23:00-ге дейін қатынайды. Сағатына 60 шақырым жылдамдықпен 15 пойыз жүреді (оның төртеуі резервте болады). Төрт секциядан тұратын құрамның сыйымдылығы – 600 адам.
Ал жол жүру құны 200 теңге деп белгіленді. Жолақысын бірнеше тәсілдер арқылы төлеуге болады.
- FacePay – жолақыны HalykBank қосымшасы арқылы бет-әлпет биометриясы көмегімен төлеуге мүмкіндік береді;
- LRT көлік картасымен төлеу – картаның құны 1000 теңге деп белгіленген;
- Visa/Mastercard банк карталары және NFC – төлемді смартфон немесе смарт-сағат (Apple Pay, Samsung Pay) арқылы жүргізуге мүмкіндік береді;
- QR-код арқылы – HalykBank немесе KaspiBank қосымшалары арқылы төлеу;
- Бір реттік билет – LRT кассасынан немесе TVM автоматынан сатып алуға болады;
Астанадағы 7-18 жас аралығындағы оқушылар мен заңнамаға сәйкес жеңілдік санатына кіретін, қалада тіркелген және тұрақты тұратын азаматтар тегін жол жүру құқығына ие.
Еске салсақ, бұған дейін Астанада LRT-нің Қосшы бағытындағы екінші кезеңінің құрылысы басталғанын хабарланды.