Астанада 15 жастағы қыз есірткі сақтап, таратты деген күдікпен ұсталды

Астанада биыл наурызда 15 жастағы есірткі жасырушы қыз ұсталды. Қыздан 70-тен астам есірткі дозасы табылған. Жасөспірім оларды қала аумағына жасырып үлгерген.

magnific.com

Астана, NEGE. Бұл жөнінде Астана қаласы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Әбіл Әбілдин «Маңызды әңгіме» подкасында мәлімдеді.

«Бұл – біз үшін, мен үшін, жалпы полиция қызметкерлері үшін қуанатын жағдай емес. Бұл – қоғам, құқық қорғау органдары, мұғалімдер мен психологтар үшін зор кемшілік», – дейді полиция полковнигі.

Әбілдиннің айтуынша, ұсталған қыз бұған дейін есірткінің зияны туралы өткізілген профилактикалық кездесулерге қатысып, дәрістер тыңдаған, қоғамдық іс-шараларға да қатысып келген.

«Ол біздің дәрістерімізге қатысып, есірткінің зардабы туралы бейнематериалдарды көрген. Барлық салдарын білсе де, неге мұндай қадамға барғанын түсіну қиын. Аш жүрген жоқ, қызығушылық па, әлде басқа себеп пе – оны нақты айту қиын», – деді ол.

Полицей өрімдей қыздың мұндай қылмысқа баруына оның араласқан ортасы әсер еткен деп есептейді. Оның сөзінше, балалар мен жасөспірімдердің есірткі қолдануы әлі күнге дейін толық шешімін таппай отырған мәселенің бірі болып қалып отыр.