Астана полициясы «боксшы Данияр Елеусінов ұсталды» деген ақпаратқа түсініктеме берді
Бокстан Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов Астанада екі жол-көлік оқиғасынан кейін ұсталғаны жөнінде ақпарат тарады. Қалалық полиция қызметінің өкілдері бірнеше көлік зақымданған екі жол-көлік оқиғасы болғанын растады, алайда ұсталған жүргізушінің аты-жөнін ресми түрде жариялаған жоқ.
Астана, NEGE. Полиция мәліметінше, Toyota Land Cruiser көлігінің жүргізушісі бірнеше автокөлікпен соқтығысып, оқиға орнынан бой тасалаған.
«Жедел-іздестіру шаралары барысында полиция қызметкерлері бұл көлікті Достық көшесінде анықтап, тоқтатты. Көлік тізгінінде алкогольдік масаңдық белгілері бар 35 жастағы ер адам болды», – делінген хабарламада.
Сондай-ақ жол-көлік оқиғасынан ешбір адам зардап шекпегені айтылған.
«"Заң мен тәртіп" қағидаты өзгеріссіз қалады: жауапкершілік адамның танымалдылығына, мамандығына, лауазымына немесе сіңірген еңбегіне байланысты емес. Заңды бұзып, жауапкершіліктен жалтаруға тырысқан әрбір адам заңда белгіленген тәртіппен жауапқа тартылады», – дейді полицейлер.
Ведомствоның баспасөз қызметі қазіргі уақытта осы жағдай бойынша тексеру жүргізіліп жатқанын атап өтті. Тексеру қорытындысы бойынша жүргізушінің әрекетіне құқықтық баға беріліп, заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қабылданады.