«Астана дәмханаларына ит еті жеткізілген» деген сыбысқа ветеринарлар не дейді?
Ветеринариялық қызмет өкілдері «Астанадағы қоғамдық тамақтану орындарында ит өнімдері жеткізіліп, пайдаланылған» деген ақпараты теріске шығарды.
Астана, NEGE. «Астана ветсерис» мекемесінің өкілдері мұндай факт ресми түрде расталмағанын, қалада жануар тектес өнімдерге тұрақты түрде ветеринариялық-санитариялық бақылау жүргізіліп отыратынын хабарлады.
«Бақылау аясында ілеспе құжаттар тексеріліп, жеткізушілерге мониторинг жасалады және азық-түлік қауіпсіздігі талаптарының сақталуы қадағаланады.
Бүгінде ет өнімдерінің заңсыз айналымына немесе Астана қаласындағы қоғамдық тамақтану орындарының қызметіне қатысты заңбұзушылықтарға байланысты деректер анықталған жоқ. Жағдай уәкілетті органдардың тұрақты бақылауында», – делінген ведомство хабарламасында.
Елордалық ветеринарлар ел тұрғындарына тек ресми ақпаратқа сенуге және расталмаған мәліметтерді таратпауға кеңес береді.
Айта кетейік, соңғы күндері желіде «еліміздегі кейбір қоғамдық тамақтану орындарында ит етінен тағам әзірленіп, сатылған» деген ақпарат қызу талқыланып жатыр. Осыған байланысты депутат Абзал Құспан Ішкі істер министрлігіне мән-жайды тексеруді сұрап хат әзірлеп жатқанын мәлімдеді. Бұл ретте депутат ақпарат расталмаған жағдайда елді дүрліктіргені үшін блогерді жауапқа тарту қажет деп есептейді.