«Әскерилер өз қауіпсіздігіне сенімді болуы керек»: депутат сарбаздарға геолокациялық құрылғы беруді ұсынды
24 қыркүйек күні Каспий теңізінде әскери оқу-жаттығу кезіндегі әскерилердің қазасынан кейін Құрылтай депутаты Аббат Өрісбаев әскери, арнайы және авариялық-құтқару оқу-жаттығулары кезінде бірыңғай цифрлық қауіпсіздік жүйесін енгізуді ұсынды.
Астана, NEGE. Депутаттың айтуынша, әр оқу-жаттығуға қатысушыға оның орналасқан жерін нақты уақыт режимінде анықтауға мүмкіндік беретін жеке электронды құрылғы берілуі керек.
«Қатысушының геолокациясын көрсететін арнайы құрылғы берілуі тиіс. Құрылғы адамның нақты орнын анықтап қана қоймай, қауіп төнген жағдайда SOS белгісін жіберуі керек. Адам құлап қалса, ұзақ уақыт қозғалыссыз жатса немесе суға түссе, жүйе автоматты түрде дабыл беруге тиіс», – деді Аббат Өрісбаев.
Депутаттың пікірінше, оқу-жаттығу аумағын дронмен үздіксіз байқылау мен ауа райы, желдің жылдамдығы, көріну қашықтығы мен теңіздегі толқын туралы ақпаратты жинау міндетін бір орталыққа тапсыру қажет.
Сондай-ақ, Өрісбаев әскери қызметшілер мен оқу-жаттығуға қатысушылардың физиологиялық жағдайын бақылайтын құрылғылар енгізу мен әр оқу-жаттығу үшін қауіпсіздік паспортын әзірлеу мәселесін тоқталды.
Оның сөзінше, әскери қызметшілер өз қауіпсіздігіне сенімді болуы тиіс.
«Оқу-жаттығу адам өміріне қауіп төндіретін сынаққа айналмауы керек. Оның басты мақсаты – төтенше жағдайда адамды аман алып қалуға үйрету. Сондықтан қауіпсіздік кез келген оқу міндетінен жоғары тұруы тиіс», – деді депутат.
Еске салайық, 24 қыркүйекте Каспий теңізінің жағалауында Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде ауа райы күрт нашарлап, 17 әскери қызметші теңізге батып кеткен. Салдарынан 14 әскери қызметші қаза тауып, 3-еуі құтқарылды.