Асхат Шахаров «Ақтөбе» футбол клубының жекешеленуіне қатысты пікір білдірді
«Орталық коммуникациялар қызметі» алаңында Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров брифинг өткізіп, журналистердің сауалдарына жауап берді.
NEGE тілшісі оған «Ақтөбе» футбол клубының Qazaq Stroy компаниясының иесі Нұрлан Артықбаевтың жекеменшігіне өтуіне қатысты бірнеше сауал қойды.
Асхат Шахаровтың айтуынша, ақтөбелік жанкүйерлердің белсенділігі өте жоғары. Сол себепті қазір өңірдегі футболды дамыту басты назарда тұр.
«Жекешелендіру мәселесі тікелей президенттің тапсырмасы екенін баршамыз білеміз. Алдағы уақытта еліміздің қалталы азаматтары футболды қолға алып, ары қарай клубты жетілдіру мәселесін шешеді. Әрине, ол қомақты қаражатты талап етеді. Қазір біздің футбол клубқа үлесін қосамын деген кәсіпкер анықталды. Заң аясында футбол клубын жекешелендіру жұмыстарын жалғастырып жатырмыз. Оны 1-2 айдың төңірегінде аяқтау жоспарымызда бар. Ары қарай қосымша қанша қаражат бөлінетініне және клубтың дамуы қалай жүзеге асырылатынына осы кәсіпкердің командасы жауап береді. Әрине, біз де тыс қалмаймыз», – деді Ақтөбе облысының әкімі.
Естеріңізге сала кетейік, Qazaq Stroy компаниясының иесі Нұрлан Артықбаев «Ақтөбе» футбол клубының инвесторы болғаны туралы бұған дейін хабарланған еді.
«Нұрлан Артықбаев – ақтөбелік азамат. Оның футбол клубына қызығушылығы өте жоғары. Кішкентайынан «Ақтөбе» футбол клубына жанкүйер болған. Президент тапсырмасынан кейін өзі бізге шығып, осы бастаманы жүзеге асырсам деп ниет білдірді. Қалған мәселені өзара байланыс орнатқаннан кейін жүзеге асырамыз. Жекешелендіру толық аяқталғанда, басқа сұрақтарға қатысты өзі мәлімдеме жасайды», – деді Асхат Шахаров.
Тілшіміздің: «Енді «Ақтөбе» футбол клубына әкімдік ақша бөлмейтін болса, үнемделген қаражатты қайда жұмсайды?», – деген сұрағына облыс әкімі өңірде қордаланған мәселенің көп екенін атап өтті.
«Жиналған қаражатты халықтық кеңес мүшелері мен мәслихат депутаттарының қатысуымен, Үкіметте бекітілген өңірдегі мәселелерді шешуге бағыттаймыз. Әсіресе тұрғындар жиі көтеретін ауыз су, газдандыру, жол жөндеу жұмыстарында мәселе жетерлік. Үнемделген қаражат соны жүзеге асыруға жұмсалады», – деді әкім.
Сонымен қатар, Ақтөбе облысының әкімі УЕФА-ның төртінші деңгейлі талаптарына сай 35 мың орындық жаңа стадионның құрылысы басталғанын хабарлады.