18 Қараша 12:59
...

«Ақтөбе» футбол клубы «Қазақтелеком» акционерінің қолына өтті

футбол
Фото: prosports.kz

Qazaq Stroy компаниясының иесі Нұрлан Артықбаев «Ақтөбе» футбол клубының инвесторы болды. Бұл туралы Forbes Kazakhstan журналы хабарлады.

Астана, NEGE. Қазіргі уақытта Артықбаевпен келісім жасалып жатқаны айтылады. Ал, клубты дамыту үшін қажет инвестиция көлемі мен ұйымдастырушылық мәселелер 2026 жылдың қаңтар айында белгілі болады.

Сонымен қатар, «Ақтөбе» клубының жанкүйерлерін команданың құрамы өзгертіле ме деген сауал алаңдатады. 

Бұған дейін Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров футбол клубын жеке меншікке беру жөнінде 2025 жылдың соңына дейін шешім қабылданатынын айтқан. Алайда ол кезде инвестордың есімі ресми түрде аталған жоқ.

Қазіргі уақытта қазақстандық үш футбол клуб жекеменшікке берілді:

  • «Қайсар» (Қызылорда) - 2025 жылғы 30 қазанда TAU Group Ltd компаниясының иесі, кәсіпкер Исламғали Қозбақовқа өтті. Инвестиция сомасы - 12 млрд теңге.
  • «Қызыл-Жар» (Петропавл) - ЦАТЭК компаниясының тең құрылтайшысы Сергей Канға берілді. Алдын ала жарияланған ақпаратқа сәйкес, кәсіпкер клубқа жыл сайын кемінде 1 млрд теңге инвестиция салуға міндеттелген.
  • «Жеңіс» (Астана) - Михаил Ломтадзеге өтті. Ол клубқа арналған футбол академиясын құруға 16 млрд теңге жұмсау жоспарланып отырғанын айтқан.

Айта кетейік, Нұрлан Артықбаев - Qazaq Stroy және Exclusive Qurylys компаниялар тобының негізін қалаушы әрі негізгі акционері, сондай-ақ «Қазақтелеком» АҚ-тың (9,19%) иегерлерінің бірі.