Арыста мас күйдегі әйел бес адамды көлікпен қағып кетті
Желіде Түркістан облысында мас күйдегі көлік жүргізушісі жоғары жылдамдықпен тұрғын үйдің қабырғасына соғылып, бірнеше адамның өмірін қиғаны туралы ақпарат тарады. Жол-көлік оқиғасы салдарынан екі бала және бір ересек адам қаза тапты.
Астана, NEGE. Облыстық полиция қызметі бұл факт бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
Алдын ала мәлімет бойынша, Арыс қаласында JAC маркалы автокөліктің жүргізушісі мас күйінде бірнеше адамды қағып кетіп, кейін оқиға орнынан бой тасалаған.
«Оқиға орнына дереу полиция қызметкерлері жіберілді. Жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде күдікті анықталып, ұсталды және уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Жол-көлік оқиғасы салдарынан үш адам оқиға орнында көз жұмды, олардың екеуі – кәмелетке толмағандар. Тағы екі зардап шеккен адам медициналық мекемеге жеткізілді, оларға қажетті көмек көрсетіліп жатыр», – деп хабарлады облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Қазіргі уақытта тергеу-жедел тобы оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға кірісті. Тергеу қорытындысы бойынша тиісті процессуалдық шешім қабылданады.