«Әншілер – шайтанның азаншысы» деген пікірге Діни басқарма өкілдері не дейді?

Жетісайда өткен тойлардың бірінде қонақтың «музыка – харам, ал әншілер – шайтанның азаншысы» деген мазмұнда айтқан пікіріне Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы өз ұстанымын білдірді. 

aikyn.kz

Астана, NEGE. Мүфтият өкілдері қонақтың өнер иелерін ауыр сөзбен айыптауы және әйел адамдарды «ұрғашылар» деп кемсітуі өрескел қателік болғанын атап өтті.

«Ислам діні даналықпен насихат айтуға, өзгелерді ауыр сөзбен айыптамауға, біреудің ар-намысына құрметпен қарауға үндейді. Сондықтан қандай да бір діни мәселеге қатысты өнер өкілдерін жалпылама айыптау немесе оларға ауыр сипаттама беру дұрыс емес. Сонымен қатар аналарымызды, қыз-келіншектерді бейәдеп сөзбен кемсіту де өрескел қателік деп санаймыз», – делінген ҚМДБ мәлімдемесінде.

Бұл ретте Ислам дінінде адамды арсыздыққа, азғындыққа және шариғат тыйым салған істерге үндейтін әндер құпталмайтыны айтылады. Алайда, Діни басқарма өкілдерінің түсіндіруінше, дін мен дәстүрдің асыл құндылықтарын дәріптейтін, Отанды қорғауға, ата-ананы қадірлеуге үндейтін, адамгершілік пен ізгілікке шақыратын әндерге рұқсат беріледі. Ол жайында Ислам ғалымдарының пікірі де бар.

Сондай-ақ мүфтият өкілдері ел азаматтарын сөз жауапкершілігіне ден қоюға, діни мәселелерде тек ресми діни қызметтегі білікті ғалымдардың түсіндірмесіне иек артуға шақырады.

Айта кетейік, бұған дейін танымал әнші Роза Әлқожа тойда әншілерді «шайтанның азаншысы» деген тұрғынды жауапқа тартуды сұраған болатын. Ол өзін буллингке ұшырағанын айтып, жеке басқа тіл тигізу мен қорлау бойынша қандай жауапкершілік қарастырылғанын сұрап, заңгерлерден пікір білдіруді өтінді. Сонымен қатар ол өңірдегі діни ахуалға жауапты органдардың бұл мәселеге назар аударуын сұрады.