Әнші NAVAI екі айға қамауға алынды

Жамбыл облысының Қордай аудандық соты NAVAI лақап атымен танымал шетелдік әнші Наваи Бакировқа қамауда ұстауға санкция берді

@navaib/Instagram

Астана, NEGE. Ол есірткі контрабандасына оқталу ісі бойынша тергеу аяқталғанға дейін қамауда болады. Қамау мерзімі екі ай деп белгіленді. Журналист Михаил Козачковтың Telegram-дағы арнасында соттан видео жарияланды.

Судьяның түсіндіруінше, әншінің Қазақстанда тұрғылықты жері мен жақын туыстары болмағандықтан, сот оның алдағы уақытта бой тасалауы мүмкін деп есептеген.

Айта кетейік, 13 қазанда полиция мен ҰҚК Шекара қызметінің мамандары әншіні «Қордай» шекара бекетінде Қазақстанға автокөлікпен кіріп келе жатқан жерінен ұстаған.

Көлікті тексеру кезінде есірткі табылып, қылмыстық іс қозғалды. 

NAVAI 14 қазанда Астанадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында концерт беруі тиіс болған. Ұйымдастырушылар концерт болмайтынын хабарлады.