2 сентября 2025 г. 12:48

Бауыржан Байбек Жапонияда жұмыс істеп жүр

Фото: Sputnik / Владислав Воднев

Алматының бұрынғы әкімі және «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары болған Бауыржан Байбек саясаттан кеткеннен кейін шетелде еңбек етіп жүр.

Бұл туралы Бауыржан Байбектің қарындасы Айгүл Байбек Nege.Aqsha-ға беген түсініктемесінде айтып берді. 

«Мемлекеттік және қоғамдық қызметтен босағаннан кейін ол екі жылдан астам уақыт Біріккен Араб Әмірліктерінде оқып, жұмыс істеді. Сол жерде Қазақстанға шетелдік инвестиция тартумен айналысты. Соңғы бір жарым жылда Жапонияда еңбек етіп, жапон капиталы мен ноу-хауын Қазақстанға енгізу мақсатындағы инновациялық жобаларды дамытып жүр. 2022 жылдың наурызынан бастап ол онлайн форматта «Qazaq Kaolin» компаниясының кеңесшісі қызметін атқарады. Компания Ақмола облысында алдыңғы қатарлы неміс технологиясы негізінде ірі өңдеу өндірісін құруға инвестиция салуда», – деді Айгүл Байбек Nege.Aqsha басылымына берген эксклюзивті сұхбатында.

Айгүл Байбектің айтуынша, ағасы толықтай саясаттан кеткен. Сондықтан ол «Aray Media Group» ЖШС-нің бухгалтерін қудалауды ұйымдастыра алмайды және сот үкіміне ықпал етуге мүмкіндігі жоқ. Бұл туралы ол сұхбаттың екінші бөлімінде кеңірек баяндады.