Алматыда заңгер Әділетхан Молдаханның сотында журналистерді сыртынан қамап қойған
Алматының Алмалы аудандық сотында заңгер Әділетхан Молдаханның ісі бойынша ақпарат таратуға барған журналистерді сыртынан қамап қойып, ақпарат таратуына кедергі келтірген.
Астана, NEGE. Бұл жөнінде журналист Руслан Өтепбай мәлімдеп, желідегі жеке парақшасында қамалып тұрған сәтінен видео жариялады.
«Алмалы ауданаралық сотының қызметкерлері журналистердің құқығын шектеп, бізді сот ғимаратынан шығармай, кәсіби қызметімізге кедергі келтірді. Бұл жағдай кеше де болған, бүгін тағы қайталанды», – дейді Өтепбай.
Оның айтуынша, сот қызметкерлері мұны журналистердің Әділетханнан сұхбат алуына жол бермеу үшін жасаған.
«Егер сот қызметкерлері заң бұзса, оларды кім жауапқа тартады?», – дейді журналист.
Айта кетейік, Алматыда өтіп жатқан бүгінгі сотта сотталушы Әділетхан Молдаханға үкім шығуға тиіс болған. Алайда мемлекеттік айыптаушы жаңа айыптау актісін оқып, оған тағылған айып Қылмыстық кодекстің 274-бабының 3-бөлігіне өзгертілген. Бұл бап көрінеу жалған ақпарат тарату салдарынан ірі залал келтірілген немесе өзге де ауыр зардаптарға әкеп соққан жағдайларды қамтиды. Осы бапқа байланысты прокурор енді бес жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын сұрауы мүмкін.
Бұған дейін Әділетхан Молдаханның ісі Қылмыстық кодекстің 274-бабының 2-бөлігінің 3-тармағы бойынша, яғни «онлайн-платформаларды пайдалану арқылы көрінеу жалған ақпарат тарату» бабымен қаралған.
Келесі сот отырысы 9 шілдеге белгіленді.
Еске салсақ, заңгер әрі блогер Әділетхан Молдахан 31 наурызда ұсталып, 1 маусымда оған қатысты сот отырысы басталды.
Блогер Алматының әл-Фараби даңғылында наурызда болған жол апатына қатысты резонанс тудырған видео жариялаған еді. Заңгер апат алдында көлік жарысы ұйымдастырылғанын, жарысқан көліктердің арасында Полиция департаменті бастығы орынбасарының қызметтік көлігі де болғанын мәлімдеген болатын.