Алматыда «Ұмай» ипотекасы дүрбелең туғызды: Отбасы банк себебін түсіндірді
3 қарашада Алматыдағы Отбасы банк бөлімшелерінің бірінің алдында «Ұмай» ипотекалық бағдарламасына өтінім бергісі келген әйелдер ұзын-сонар кезекке тұрды.
Астана, NEGE. Банктің NEGE редакциясына хабарлауынша, мұндай ұзын-сонар кезектің пайда болуына бағдарламаға деген жоғары сұраныс себеп болған. Бүгін ипотеканың екінші кезеңі басталды. Бұл кезеңге 20 млрд теңге бөлінген.
Банк мәліметінше, сағат 11:30-дағы жағдай бойынша 300 өтінім түскен. Клиенттер санының күрт артуына байланысты кейбір әйелдерге кеңес беру және құжат қабылдау кезінде кідірістер болған.
Отбасы банк қызмет көрсету жүйесін тұрақтандыру жұмыстарын жүргізіп жатқанын мәлімдеді. Өтінімдерді қабылдау жалғасып жатыр. Әйелдер құжаттарын банк бөлімшесіне барып қана емес, кеңесшілер арқылы немесе «Бейнеқызмет көрсету» онлайн сервисі арқылы да тапсыра алады.
Бағдарламаға қызығушылықтың жоғары болуына оның тиімді шарттары әсер еткен. Атап айтқанда, қатысу үшін конкурс қарастырылмаған, бастапқы жарна мөлшері төмендетілген. Сондай-ақ баспананы бастапқы және қайталама нарықтан сатып алуға болады. Үміткерлердің меншігінде баспананың болмауы талап етілмейді.
Бұл ретте барлық өтінім бағдарлама талаптарына сәйкестігі бойынша стандартты тексеруден өтеді.