Отбасы банк «Ұмай» бағдарламасының екінші кезеңіне өтінім қабылдауды бастады
Қазақстандық әйелдер «Ұмай» ипотекалық бағдарламасының екінші кезеңіне бүгін, яғни 3 қарашадан бастап өтінім бере алады. Бұл кезең үшін Азия даму банкі Отбасы банкке 20 млрд теңге көлеміндегі екінші траншты аударғаны мәлім болды.
Астана, NEGE. Банк ақпаратынша, бағдарлама шарттары өзгеріссіз қалып отыр. Жылдық сыйақы мөлшерлемесі – 14,8%, ал несиенің ең жоғарғы сомасы – 50 млн теңге. Отбасының орташа айлық таза табысы 1,25 млн теңгеден аспауы тиіс. Қарыз алушы соңғы алты айдағы ресми табысын растауы қажет.
Бастапқы жарна Астана мен Алматыда тұрғын үй құнының кемінде 20%-ына, басқа өңірлерде 15%-ына тең.
Өтінімдерді онлайн түрде Отбасы банк сайты мен Baspana Market платформасы арқылы, банк кеңесшілерінің көмегімен немесе бөлімшелеріне барып беруге болады.
Бағдарлама арқылы пайдалануға берілген бастапқы, салынып жатқан (ҚЖК кепілдігі немесе сақтандыру құралы бар) және 2016 жылдан кейін салынған қайталама тұрғын үйді сатып алуға болады. Сатып алынған баспана әйелдің атына рәсімделеді.
Өтінім берер алдында қатысушыларға кредиттік тарихын, ресми табысын, зейнетақы жарналарының аударылуын және берешектерінің бар-жоғын тексеру ұсынылады.
Айта кетейік, Азия даму банкі «Ұмай» және «Жасыл ипотека» бағдарламаларын іске асыру үшін Отбасы банкке жалпы 90 млрд теңге бөледі.