Алматыда полицейлер жүзден астам автобусты айыппұл тұрағына алып кетті
Алматы полициясы қалада «Автобус» жедел-профилактикалық іс-шарасы жүріп жатқанын хабарлады. Іс-шара басталғалы бері 900-ге жуық құқықбұзушылық анықталып, 127 автобус мамандандырылған айыппұл тұрағына қойылған.
Астана, NEGE. Ведомство мәліметінше, бұл іс-шара қала аумағында жолаушылар тасымалының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және қоғамдық көлік жүргізушілерінің арасында көлік тәртібін сақтау деңгейін арттыруға бағытталған.
Тексеру барысында полицейлер жолаушыларды тасымалдау қағидаларының сақталуына,автобустардың техникалық жай-күйіне, сондай-ақ заңсыз қайта жабдықтау және заңсыз тасымалдау фактілерін анықтауға назар аударған.
«Ең жиі анықталған құқықбұзушылықтар – жолаушыларды тасымалдау қағидаларын бұзу және көлік құралдарын заңсыз қайта жабдықтау», – делінген хабарламада.
Сондай-ақ полиция қызметкерлері Алматының орталығында заңсыз тұраққа қойылған көліктерге рейд жүргізген. Рейдтің алғашқы сағаттарында-ақ 50-ге жуық құқықбұзушылық анықталған. Оның ішінде 28 автокөлік арнайы айыппұл тұрағына жеткізілген.
Полиция бақылау жұмыстарының жалғасатынын ескертті.