Алматыда Қайрат Сатыбалдыға тиесілі болған қонақүй 12,8 млрд теңгеге сатылымға шығарылды

Алматы қаласының мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті Қайрат Сатыбалдыдан алынған DoubleTree by Hilton қонақүй кешенін сатылымға шығарды.

sauda.e-qazyna.kz

Астана, NEGE. Электронды сауда-саттық порталында жарияланған ақпаратқа сәйкес, Алматы қаласындағы Досмұхамедов көшесінде орналасқан қонақүй кешенінің жалпы ауданы – 16 196,4 ш.м. Электронды сауда-саттық 25 қыркүйек сағат 10:00-ге белгіленген, өтінімдерді қабылдау сауда-саттық басталғанға дейін бес минут қалғанда тоқтатылатыны ескертілген. Қонақүй кешенінің бастапқы бағасы – 12 759 410 000 теңге.

Жекешелендіру кезінде ғимараттың ішіндегі жиһаздар мен басқа да мүлік сатып алушыға берілмейді. Сонымен қатар қонақүйдің тауар белгісі, атауы, коммерциялық атауы, зияткерлік меншік нысандары және франчайзинг бойынша құқық сатылмайды. Құжатта мүлік пен зияткерлік меншік объектілері жекешелендіру нысанының құнына енгізілмегені және сатылмайтыны көрсетілген.

Нысанды «Центр оценки активов» ЖШС бағалаған. Ғимаратты бағалау 2026 жылғы 6 тамызда жүргізіліп, қорытынды есеп 19 тамызда дайын болған.

Бағалау нәтижесінде нысанның құны 12 млрд 759,4 млн теңге деп белгіленген. Бұл сома сауда-саттықтың бастапқы бағасы ретінде көрсетілген.

Ал нысанның баланстық құны бұдан шамамен 2,7 есе төмен – 4,78 млрд теңге деп көрсетілген.

Ғимаратқа тыйым салынбаған. Алайда жер учаскесіне жүктеме қойылған. Атап айтқанда, Алматы қаласы Энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасына қарасты «Су желісі» МКК пайдасына сервитут белгіленген.

Еске салсақ, бұл қонақүйді Қайрат Сатыбалды 2023 жылдың қыркүйегінде мемлекет меншігіне тапсырған.