Алматыда есірткі дайындау кезінде екі адам уланып қайтыс болған
Алматыдағы жасырын есірткі зертханаларының бірінде екі адам химиялық заттардан уланып, көз жұмған. Оларды заңсыз жұмысқа тартты деп күдікке ілінген қылмыстық топтың жетекшісі Ресейден Қазақстанға экстрадицияланды, деп хабарлады Бас прокуратура.
Астана, NEGE. Тергеу мәліметінше, күдікті Алматы мен еліміздің басқа өңірлерінде мефедрон өндіріп, өткізумен айналысатын қылмыстық топ құрған. Ол 2021 жылдан бастап ақшаға мұқтаж адамдарды қылмыстық әрекетке тартып келген.
Топ мүшелері есірткі дайындау, тасымалдау, қаптау және тарату жұмыстарын атқарған. Күдікті олардың әрекетін Telegram арқылы қашықтан басқарып отырған.
2024 жылы оның тапсырмасымен Алматыда бірнеше жасырын зертхана ашылған. Солардың бірінде есірткі дайындап жатқан екі адам химиялық заттардан ауыр уланып, қайтыс болған. Алайда бұған қарамастан, күдікті басқа адамдарды тартып, заңсыз әрекетін жалғастырған.
2024 жылғы 19 қыркүйекте полиция зертханалардың бірінің жұмысын тоқтатты. Тінту кезінде 24 келіден астам химиялық зат, арнайы жабдықтар, қорғаныш құралдары мен дайын өнімдер табылды.
Күдікті 2025 жылдың шілдесінде Ресейде ұсталған. Кейін Қазақстан Бас прокуратурасының сұрауымен елге экстрадицияланып, тергеу изоляторына қамауға алынды.
Кінәсі сотта дәлелденсе, оның мүлкі тәркіленіп, өзі 20 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.