11 марта 2026 г. 14:20

Алматыда ерекше балалар иппотерапиясыз қалуы мүмкін

Фото: pixabay.com

Алматыда дамуында ерекшелігі бар балалар иппотерапиясыз қалуы мүмкін. Ал, аутизм, Даун синдромы бар балаларға иппотерапияның тиімділігі ғылыми тұрғыда дәлелденіп қойған. 

Алматы, NEGE. Еліміздегі кейбір жобалардың кемшін тұстарын көргенде иппотерапияға қатысты мемлекеттік сатып алулардың да тиімді ұйымдастырылып жатпағанына көз жеткізесің. Сөзімізге дәлел ретінде Алматыда балаларға арналған иппотерапия жобасындағы мемлекеттік сатып алуға қатысты жұмыстарды мысалға келтіруге болады. 

Бастапқыда бұл жобаның болашағы жарқын еді. Жоба аясында психоневрологиялық ауытқулары бар, ақыл-ой немесе тірек-қимыл аппаратының бұзылыстары бар 18 жасқа дейінгі балаларға бейімделген атқа міну және иппотерапия қызметтері көрсетіледі. «Иппотерапия» әлеуметтік жобасын іске асыру үшін 46,8 млн теңге бөлініп, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс жарияланды. Оған үкіметтік емес ұйымдар да қатысуы тиіс болды. Бірақ жобаның идеясы мен оның іске асуы арасында үлкен алшақтық бар екені байқалды. 

Фото: satypalu.gov.kz

Алғаш кездескен кедергі – бюрократиялық талаптардың шамадан тыс көптігі. Мемлекеттік сатып алу талаптарында жоба менеджері, үйлестірушісі және әкімшісі үшін міндетті түрде үш жылдық жұмыс тәжірибесі талап етілді. Бұдан бөлек, заңгер, бухгалтер және іс жүргізуші мамандар да кемінде үш жылдық тәжірибесі болуы тиіс деп көрсетілді. Алайда бұл мамандардың нақты қандай міндет атқаратыны және олардың жобаның негізгі қызметіне қаншалықты қатысы бар екені түсіндірілмеген.

Фото: satypalu.gov.kz

Қойылған талаптардың күрделілігіне қарамай, жеткізушілер өтінім беруге тәуекел еткен. «Иппотерапия» әлеуметтік жобасын іске асыру конкурсына үш ұйым қатысуға өтінім берген. Олар: «Аяулы Халық» қоғамдық қоры, «Zhana Halyq» қоғамдық қоры және «Балалар – елдің болашағы» аумақтық қоғамдық бірлестігі. 

Құжатта көрсетілгендей, екі ұйым жобаны 42,1 млн теңгеге жүзеге асыруды ұсынған. Бұл бастапқы бөлінген сомадан шамамен 4,7 млн теңгеге арзан. Алайда баға айырмашылығы конкурс нәтижесіне әсер етпеген. Комиссия барлық өтінімді техникалық себептерге байланысты қабылдамаған.

Аталмыш мәселеге қатысты сауал көп. Иппотерапия ұйымдастыру конкурсына қатысқан үш ұйымның өтініштері неге қабылданбады? Конкурстың талаптары неге соншалықты қиын? Түпкі мақсат жобаны өз адамдарына үлестіріп беру емес пе? NEGE тілшісі осы сұрақтарды Алматы әкімдігіне қойып көрді, алайда жауап алған жоқ.

Естеріңізде болса, бұған дейін қоғам белсенділері Алматы ипподромының тағдырына алаңдаушылық білдірген. Олар ипподромды мемлекет меншігіне қайтарып, ат спорты мен иппотерапияны дамытуды қолға алуды талап еткен болатын.