Резонанстан соң Алматы ипподромында жылқыларға жылы орын табылды
Алматы ипподромын жалға алушылар «қыс таяған тұста жылқыларды жылы қораға кіргізе алмай отырмыз» деп дабыл қағып, журналистерге жанайқайын жеткізген еді.
Қоғам белсенділері Алматы ипподромының тағдырына алаңдаулы. Олар ипподромды мемлекет меншігіне қайтарып, ат спорты мен иппотерапияны дамытуды қолға алуды талап етіп отыр.

Қоғам белсенділері мен ипподромды жалға алушылар журналистерге сұхбат бергеннен кейін сең орнынан қозғалғандай болып, жылқылар жылы атқораға орналастырылған. Сол кезде ипподром басшылығы журналистерге «жылқыларды кіргізетін жылы қорада орын қалмады» дегенді айтқан-ды. Жиналғандардың сөзі бір жерден шығып, «жүріңіз, бос орын жоқ екенін өз көзімізбен көрейік» дегенде, ипподром басшылығының өкілі үнсіз кетіп қалған.
NEGE тілшісі ипподромды жалға алушылардан қазіргі жағдайдың қалай болып жатқанын сұрап білді.

Елена Сосновскаяның айтуынша, олар жылқыларын «Тұлпар» ат спорты кешеніне ауыстырған.
«Бізде қазіргі жағдай жақсы. Аттар жылы жерде тұр. 13 жылқым «Тұлпар» аумағына орналастырылды. Үш жылқыны достарымыздың Есік қаласындағы бәйге бөліміне апардық. Қазір олар сол жақта тұр. Аттар жылы жерде, тоқ, күтімі жақсы, суы бар», – деді Сосновская.
Елена Сосновскаяның аттары Алматы ипподромынан шығарылған. Айтуынша, оған Instagram парақшасында ипподромды сақтау қажет деген жазбасы себеп болған. Өйткені сол жазбадан кейін «ипподром сүріледі» деген әңгіме өрши түскен.
«Мен бала күнімнен осы ипподромда ат спортымен шұғылданып келемін. Өмірімнің бар саналы бөлігі осы жермен байланысты. Мұнда балалар ат спортымен, сонымен қатар иппотерапиямен айналысады. Жарыстардан да жүлдесіз қайтпаймыз. Менің Instagram-дағы парақшамда ипподромды сақтау туралы жазба жарияланды. Меніңше, осыдан кейін жағдай ушыға түсті. Бізге тек «ипподромда орын жоқ» деген ресми түсініктеме ғана берілді. Бірақ шын мәнінде, ат қоралардың көбі бос тұр, сыртынан құлыптаулы, ішінде бірде-бір жылқы жоқ», – дейді Сосновская.
Басшылық жалға алушылармен байланысқа шықпаған. Ештеңе айтпаған, ешқандай ұсыныс та жасамаған.
«Біз әлі де «Тұлпардамыз». Қоңырау шалған да, хабарласқан да ешкім болған жоқ», – деді ол.
Естеріңізде болса, Алматы қаласы Спорт басқармасының басшысы мәселені шешуге тырысатынын мәлімдеген. Тілшілерге: «Басшылықпен бір шешімге келеміз деп ойлаймын»,– деген еді.

Елена Сосновская әкімдіктің көрсеткен көмегін атап өтті. Олар аттарды «Тұлпар» кешеніне әкелуге мүмкіндік берген. Осылайша жылқылар қала аумағынан шығарылмады, енді балалар алысқа бармайтын болды. Бұл ат спортымен және иппотерапиямен айналысып жүрген балалар үшін өте маңызды, өйткені кейбіреуінің денсаулығы әлсіз және иммунитеті төмен. Егер оларды Ақбұлақ сияқты таулы аймақтарға апарса, қиын болар еді. Сосновскаяның айтуынша, тауға көтерілу балалардың қан қысымына әсер етеді.

Ипподромды жалға алушы Светлана Беглякованың айтуынша, ипподром басшылығы қысқы атқорадан 7 орын бөліп берген. Сол себепті қалған жылқыларды «Тұлпар» ат спорты кешенінің аумағында орналастырылыпты. Қазір барлығы жылы жерде, жағдайлары жақсы дейді.
NEGE тілшісі ипподром басшылығынан жауапты өкілге жағдайға қатысты пікір сұрап, хабарласқан еді. Алайда ол «Без комментариев», кейінірек хабарласайыншы», – деп тұтқаны қоя салды. Жалға алушылар «жылы қорадан жылқыларымызға орын таба алмай отырмыз», деп дабыл қаққанда да ипподром басшылығына тілшіміз хабарласқан. Сол кезде де кейінірек хабарласып, мән-жайды түсіндіруге уәде берген. Тілшіміз күтті, WhatsApp мессенджеріне де хабарлама жазды. Алайда сол күйі жауап ала алған жоқ.
Журналистермен өткен конференцияда Республикалық асыл тұқымды жылқылар палатасының төрағасы Талғат Жайсанбаев Алматы ипподромының қазір қаңырап қалғанын айтып, дабыл қаққан еді. Айтуынша, бұлай жалғаса берсе, ипподром сүріліп, басқа мақсатта пайдаланылып кетуі мүмкін.
«Бұрын мұнда күніне шамамен 20-ға жуық іс-шара өткізілетін. Ал қазір ипподромның жұмысы мүлде басқаша, көбіне жабық тұрады. Шын мәнінде, ипподромның қащір бар деген аты ғана. Біз осының бәріне шыдап келдік. Қазір ипподромда тыныштық орнаған, тіршілік жоқ. Соңғы 25 жылда ипподромды сүріп тастайды деген әңгіме кемінде бес рет айтылды. Жыл сайын бізді осы сөзбен қорқытады. Қазір де сол әңгіме қайта қозғалды, бекер емес шығар деп ойлаймын. Құрылыс компаниясы бұл нысанды не үшін алды? Мемлекет бұл мәселеге көңіл бөліп, ипподромды сақтап қалады деп үміттенемін», – деді Жайсанбаев.
Естеріңізге сала кетейік, қазір ипподромның иесі – «Tengri Invest» ЖШС. Кейінірек оның тең құрылтайшыларының қатарына «Everest Development» құрылыс компаниясы қосылған. Қоғам белсенділерін алаңдатып отырған да осы жайт. Оларды жақын уақытта ипподром мүлде жойылып, оның орнына басқа нысан салынуы мүмкін деген күдік мазалайды.
2024 жылы ипподромның мемлекет меншігіне қайтару мәселесі көтерілген болатын. Сол кезде Алматы әкімі қызметін атқарған Ерболат Досаев қала тұрғындарымен кездесу барысында: «ипподромды мемлекет меншігіне қайтару үшін оны сатып алу қажет, бірақ бұл мақсатқа қалалық бюджеттен қаражат қарастырылмаған», – деп мәлімдеген еді.
Ал 2024 жылдың қазан айында, ипподромды сүріп тастау туралы мәселе қайта көтерілген кезде, «Tengri Invest»компаниясы ресми түрде: «ипподром аумағында тұрғын немесе коммерциялық нысандар салу жоспары жоқ», – деп хабарлаған.