26 апреля 2022 г. 19:42

Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаев көлемді сұхбат берді

Фото:

Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаев BaitassovLive ютуб каналына көлемді сұхбат берді. Қ.Алдабергенұлы Қаңтар оқиғасына, Алматы облысын екіге бөлу мәселесіне, «Алтын Орда» базарына, әкімдік лауазымына және көрерменді қызықтырған басқа да сұрақтарға ашық жауап берді.

«Азаптаулар бойынша істен нәтиже шығады»

– Қаңтар оқиғасынан бері де бірнеше ай өтті. Құқық қорғау органдары белгілі бір жұмыстарды атқарды. Атқарылған жұмыстарды түрліше бағалауға болады: тиімді жұмыстар да атқарылды, ұятты нәрселер де кездесті. Азаптауға қатысты істерді айтып отырмын. Негізінен, күдіктілердің басым бөлігі ұсталып, жауапкершілікке тартылды. Алматы облысы бойынша 566 сотқа дейінгі тергеу жүргізілді. Елу шақты іс территориясы бойынша басқа құқық қорғау оршандарына берілді.

Мың жарымнан астам адам ұсталды, тергелді. 160-қа жуық адам тұтқындалды. Ұсталғандар мен тұтқындалғандардың көпшілігімен процесуалдық келісім жасалды. Олар кінәсін мойындады. Егер адам өлтірмесе, ешкімді ұрып-соқпаса, бірақ ұрлық жасаса, кінәсін мойындаса процесуалдық келісім арқылы жазасы жеңілдейді. Көпшілігі жас балалар. Бірі адасып келген, енді бірі елде билік өзгерді деп сенген, тағы басқа. Алкоголь мен есірткінің де әсері болған. Әрбір іс бойынша органдар тексеру жүргізіп жатыр.

Тергеуде жатқандардың бірінің сау-тамтығы жоқ денесін суреттен көргенде бірден облыс прокурорына хабарластым, Полиция департаментінің бастығын шақырттым. Арамызда жағымсыз әңгіме болды. Прокуратура бірден қадағалауға алып, Антикор істі тергеуді бастады.

Істі арнайы прокурорлар қадағалауына алды. Бұл істен нәтиже шығады. Полиция қызметкерлері арасынан да ұсталғандар мен тұтқындалғандар бар. Өкінішке қарай, бұлардың арасында ҰҚК қызметкерлері де бар.

Бұл жағдай құқық қорғау органдарына ғана көлеңке түсірген жоқ, жергілікті билік пен Президентті де ұятқа қалдырды. Біздің қоғамда азаптау деген түсінік мүлдем болмауы керек.

«4 қаңтарда ешқандай бүлік болған жоқ»

– 4 қаңтарда Талдықорғанда рұқсат етілмеген бейбіт митингі болды. Ешкім ешкімді өлтірген жоқ, ұрған жоқ, ұрлаған жоқ. Жан-жақтан ағылған нөпір жұрт облыс әкімдігінің алдына жиналды. Полиция әкімдікті қоршады, үш сағатқа жуық уақыт құқық қорғау органдары алгоритм бойынша жұмыс істеді. Имамдар мен ақсақалдарды шақырдық, әкімнің орынбасарлары мен прокурорлар топ алдына шықты. Менің бірінші орынбасарым да барды.

Мен сол кезде алаңда сырттай бақылап тұрдым. Жай киіммен, маскамен тұрғандықтан ешкім тани қоймады. Бір кезде атқарған жұмыстарымыз ешқандай нәтиже бермегенін байқадым. Топ ішінен: «Облыс әкімі қайда?», – деген дауыстар естіле бастады. «Барамын», – дедім. Бірінші орынбасарымды ешкім тыңдамай, итеріп тастапты. Ең бастысы қан төгілмеуі керек.

Полиция департаментінің сол кездегі бастығы Күдебаев: «Керек болса, бәрін жан-жаққа лақтырып тастаймын», – деді. Оның олай істей алмайтынына көзім жетіп тұрды. Бірнеше облысқа басшылық жасадым, мұндай істен тәжірибем бар. Ең бастысы қан төгілмесін деген оймен халықтың алдына шықтым.

Менімен бірге облыс прокуроры, ПД басшысы барды. Халық арасында бір жарым сағатқа жуық жүрдік. Ал әлгі интернетте тараған видеоға келсек, оны контекстен үзіп алған.

Наразы топтың ешқандай талабы болған жоқ. «Жігіттер, талап қойсаңдаршы! Өз араларыңнан белсенді топ шығарыңдар, менің кабинетіме барып сөйлесейік. Менің қолымнан келетін нәрсе болса, нақты айтамын. Кепілдік беремін. Қолымнан келмесе, Үкіметке жеткіземін», – дедім.

Халықтың бір тобын мәдениет үйіне алып кіру мүмкін болды. Алаңда бірнеше камера бар екенін, бұзақылық жасамауды ескерттім. Өзім ешқайда кетпейтінімді, халықтың арасында жүргенімді айттым.

Топ арасында түрлі адамдар болды. Сөзге тоқтайтындары да, ешкімді тыңдағысы келмейтіндері де жүрді. Байқауымша, жастар әлдененің буымен жүргендей көрінді. Бірақ бұл алкоголь емес, психотропты зат болуы мүмкін. Синтетикалық есірткі болар, бәлкім. Олар ешкімді тыңдамады.

Мәдениет үйінен техниканы алаңға қойғыздым. Дауыс ұлғайтқыш, рупор бәрі болды. Қайтадан алаңға барғанымда халықтың бір тобы тарағанын көрдім. Қалғандары ұсталған адамдарды босатуды талап етті. Прокурормен және ПД басшысымен кеңесіп, ұсталғандардың бір бөлігін босаттық. Осыдан соң тағы біршама уақыттан кейін халық тарап кетті. Болды!

Түрлі хейтерлер мен «диван батырлар» маған қатысты көп нәрсе айтты. «Боқтады» деді. Ең бастысы – нәтиже. 4 қаңтар күні ешқандай бүліксіз, ешбір қан төгусіз халықты тараттық.

«5 қаңтарда құқық қорғау органдары қалғып кетті»

– Ертеңінде түрлі телеграм каналдар мен ватсап топтар арқылы «Маңғыстаулықтарды қолдау керек! Адайларды қолдау керек!» деген ұранмен тағы жинала бастады. Жастар бұған елп етіп ере кетті. Құқық қорғау органдары мұның алдын алуы керек еді. Олай болмады.

Халық тағы көптеп жиналды. Басымдық жиналған жастар жағында болды. 4 қаңтарда бірді-екілі арандатушылары бар стихиялы түрде жиналған топ болса, 5 қаңтарда жиын басқарылатын хаосқа айналды. Топтардың өзара байланысы болды, бір сәтте топпен екінші жерге жетіп жатты. Яғни халықтың наразылығын басқа арнаға бұрушылар болды.

Құқық қорғау органдары күшін жүйелі жұмсай алмады. Түрлі мобильді жастардың соңынан қуалап кетті.

5 қаңтар күні түске дейін Президент төтенше жағдай режимін енгізді. Облыста комендант ПД басшысы Күдебаев болды. Түскі сағат үште жедел штабтың жиналысы өтті. Мен одан: «Жағдайды бақылауда ұстай аласың ба?», – деп сұрадым. «Иә» деп жауап берді. Саған төрт жарымда ол жағдайды уысынан шығарып қойды. Неге екені мен үшін әлі жұмбақ. Мұны тергеу анықтауы керек. Жағдайды ешбір қан төгусіз өз күшімізбен-ақ реттеуге болар еді. Басқа өңірлерде арнайы құралдарды пайдалану арқылы бүлікке жол берілмеді.

«ПД басшысы Талдықорғаннан 300 шақырым жерден табылды»

– 6 қаңтар күні біз әкімдікті беріп қойдық. Тобыр солдаттарды ұрып, әкімдікке кірерден 2-3 минут бұрын ғана әкімдіктен шығып кеттім. Алгоритм бойынша мен Полиция департаментіне бардым. Өкінішке қарай, полиция ғимаратты қорғай алмады. Полиция қашып кетті, мыңдаған қару ұрланды.

ПД ғимаратын бүлікшілер басып алған соң ҰҚК-нің облыстағы басшысына хабарластым. «Саған барам, тойтарыс бере алатын шығарсың?» деп сұрадым. «Маған бұйрық түсті, қару мен құжаттарды жинадым» дейді. Қазір бұған баға бере алмаймын, өйткені тергеу жүріп жатыр. Нәтижесінде азаматтық билік бүлікшілермен бетпе-бет қалдық.

ПД басшысын іздедім. Оны таңға жуық таптық. Талдықорғаннан 300 шақырым жерден. Қаскелеңнің жанындағы туған ауылына кетіп қалыпты. «Неге кетіп қалдың?» десем, «басым жарылды, аяғым ауырып тұр» дейді.

ҰҚК департаменті басшысын түнде тауып алдым. Ол қайтып келді. Штаб құрылып, қашып кеткен полицейлер мен әскерилерді, тағы басқаларды жинады. Өкінішке қарай, 5 қаңтар күні кешке талдықорғанда билік болған жоқ. Түнде аудан әкімдерімен сөйлесіп, тапсырмалар бердім. Аудандық полиция басшыларының кейбірі де қашып кеткені белгілі болды.

Кім мемлекеттік төңкеріс жасамақ болды?

– Мемлекеттік төңкеріс жасауға әрекеттенді деуге негіз бар. Билік ғимараттары өртенді, алаңда әкім тағайындамақ болды. Барлық жерде сценарий бір болды: билік ғимараттарын басып алу, полицияға шабуыл жасау, аңшы дүкендерін тонау, т.б. бірақ Алматы облысында аңшы дүкендері тоналған жоқ. Өйткені 4 қаңтарда тиісті тапсырмалар берілген. Бірақ күштік құрылымдар бәрін тастап кетіп жатқанда тонаудың да қажеті жоқ еді...

Осының бәрін ҰҚК ұйымдастырды десем, американы ашпайтын шығармын. Белгілеріне қарағанда, бәрі осыған ұқсайды. Одан бөлек, еліміздегі радикалды топтар да қатысқан болуы мүмкін...

Тегтер: