Алматы прокуратурасы журналист Алехованың жазасын жеңілдетуді сұрады
Алматы қаласының прокуратурасы журналист Александра Алеховаға қатысты сот үкіміне апелляциялық өтінішхат енгізді. Бұл туралы ведомство NEGE сауалына берген жауабында хабарлады.
Астана, NEGE. Прокуратура журналистке тағайындалған жазаны жеңілдетуді сұрап отыр.
«Азаматша Сенцованың бұрын сотталмағанын, қылмыстық жауапкершілікке алғаш рет тартылып отырғанын, асырауында кішкентай баласы бар екенін және тұрғылықты жері бойынша жағымды мінездеме берілгенін ескере отырып, прокуратура жазаны жеңілдету туралы апелляциялық өтінішхат енгізді. Сондай-ақ оның әрекетінен қылмыстық жауапкершілік пен жазаны ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ», – делінген прокуратура жауабында.
Александра Сенцова – журналистің шын аты-жөні, ал Алехова – шығармашылық бүркеншік аты.
Ведомствоның мәліметінше, апелляциялық өтінішхат бойынша түпкілікті шешімді сот қабылдайды.
Еске салайық, бұған дейін сот Александра Алехованы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 147-бабы бойынша кінәлі деп танып, үш жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаған. Алайда жазаны өтеу мерзімі бес жылға кейінге қалдырылды.
Аталған бап адамның құқықтары мен заңды мүдделеріне елеулі зиян келтірген дербес деректерді таратуға қатысты.
Журналистің үстінен Алматыдағы «Кенжехан» базарының иелері мен жалға алушылары арасындағы жанжал туралы жарияланымдардан кейін арыз түскен.