Алматы – Қорғас тасжолындағы көлік апаты: тағы бір адам ауруханада көз жұмды

23 маусымда Алматы – Қорғас тасжолында болған жантүршігерлік жол апатынан кейін ауруханаға жеткізілген адамдардың бірі көз жұмды.

Видеодан кадр

Астана, NEGE. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, апаттан кейін 7 адам аудандық ауруханаға жеткізілген. Бір адам қажетті көмек алғаннан кейін тұрғылықты жері бойынша амбулаториялық ем алуға жіберілген.

«Өкінішке қарай, бір зардап шеккендердің бірі алған ауыр жарақаттарының салдарынан көз жұмды», – делінген хабарламада.

Бұған дейін апатқа ұшыраған көліктердің бірінде үш бала, оның бірі он айлық сәби болғаны айтылған еді. Дәрігерлердің мәлімдеуінше, 2025 жылы туған баланың жағдайы тұрақтандырылғаннан кейін, ол әрі қарай ем алу үшін облыстық балалар клиникалық ауруханасына ауыстырылды.

«Қазіргі уақытта үш науқас травматология бөлімінде ем қабылдап жатыр, олардың жағдайы орташа ауыр деп бағаланып отыр. Тағы бір науқас анестезиология, реанимация және қарқынды терапия бөлімінде жатыр. Оның жағдайы өте ауыр», – дейді дәрігерлер.

Еске салсақ, Алматы – Шелек – Қорғас автожолының 132-шақырымында Haval автокөлігінің жүргізушісі қарсы бағыттағы жолаққа шығып кетіп, Audi 100 автокөлігімен соқтығысқан, салдарынан бір отбасының үш адамы оқиға орнында қаза тапты.

Жол апатына түсіп, қаза болған отбасының туыстары тергеудің әділ жүруін талап етіп отыр. Гүлжан Тұрдиева есімді желі қолданушысының жазуынша, қарсы бағытқа шығып кетіп, жол апатына себепші болған көлік тізгінінде мас күйдегі, погон таққан қызметкер отырған. Бірақ бұл ақпаратты полицейлер әзірге ресми растаған жоқ.