Алматы әуежайында өзін өртеп жіберген ер адамның ісіне қатысты тергеу тоқтатылды
2025 жылдың 25 тамызында 33 жастағы ер адам Алматы әуежайының «Т-1» терминалынының касса маңында өзін өртеп жіберген. Полиция қылмыстық іс қозғаған болатын.
Алматы, NEGE. Көліктегі полиция департаменті бүгін сотқа дейінгі тергеудің тоқтатылғанын хабарлады. Қылмыстық құрамның болмауына байланысты тергеу тоқтатылды.
«Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 105-бабы, 1-бөлігі (Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу, өзін-өзі өлтіруге көндіру немесе өзін-өзі өлтіруге ықпал ету) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілді. Ауруханадан шыққаннан кейін аталған азамат ешкімге шағымы жоқ екені туралы жазбаша өтініш берген. Қазіргі уақытта оның әрекеттерінде қылмыстық құқық бұзушылық құрамы болмағандықтан, сотқа дейінгі тергеу тоқтатылды. Шешім прокурордың келісімімен бекітілді», – делінген хабарламада.
Тергеу барысында Алматы әуежайының авиациялық қауіпсіздік қызметіне өзін өртеуге және өзге де құқық бұзушылықтарға себеп болған жағдайларды жою жөнінде ұсыныс жолданған.
Сотқа дейінгі тергеу аясында Алматы халықаралық әуежайының авиациялық қауіпсіздік қызметіне қылмыстық құқық бұзушылыққа және басқа да заң бұзушылықтарға ықпал еткен мән-жайларды жою туралы хабарлама жіберілді.
Оқиға қалай болған?
Оқиға куәгері Nur Ai & Co туристік агенттігінің директоры Гүлмира Сәдуақасованың айтуынша, ер адам кассаға кіріп, телефон сұраған. Сосын біреуге қоңырау шалып, рейске кешігіп қалғанын айтқан. Сөйлесіп болғаннан кейін өзіне бензин құйып жіберген. Агенттік қызметкері ғимараттан шығып үлгергеннен кейін ер адам өзіне от қойған.
Сәдуақасова ер адамның билет айырбастамақ болғаны туралы ақпараттың шындыққа жанаспайтынын атап өткен еді. Оның айтуынша, ол тек қызметтік телефонды пайдаланған, ал агенттіктің қызметкерімен жанжалдаспаған.
Кейін белгілі болғандай, ер адам мұндай қадамға азаматтық некедегі жарымен жанжалдасқаны үшін барғаны белгілі болды.