Алғашқы Құрылтай сайлауында «Әділет» партиясы 71,17% дауыс жинап, жеңіске жетті

Орталық сайлау комиссиясы 2026 жылғы 23 тамызда өткен Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарын сайлауда дауыс берудің түпкілікті қорытындыларын жариялады.

gov.kz

Астана, NEGE. ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіровтің мәлімдеуінше, жалпы сайлауда дауыс беру тізіміне 12 623 289 адам енгізілген. Соның ішінде сайлауға 9 351 539 адам немесе тізімге енгізілген азаматтардың 74, 08%-ы қатысқан. 

Сайлау қорытындысы бойынша 71,17% дауыс жинаған «Әділет» партиясы жеңімпаз атанды. Бұл партияға 6 528 948 адам дауыс берген. 

ОСК жариялаған түпкілікті қорытындыға сәйкес, партиялар мынадай дауыс жинаған:

  1. «Әділет» партиясы – 71,17% (6 528 948 сайлаушы дауыс берген);
  2. «Ауыл» партиясы – 6,26% (574 621 сайлаушы дауыс берген);
  3. Respublica партиясы – 5,56 % (509 631сайлаушы дауыс берген);
  4. «Ақ жол» – 5,21% (478 083 сайлаушы дауыс берген);
  5. ЖСДП – 5,11% (469 058 сайлаушы дауыс берген);
  6. Қазақстан халық партиясы – 3,11% (285 395 сайлаушы дауыс берген);
  7. «Байтақ» – 1, 07% (97 751 сайлаушы дауыс берген).

Сайлау нәтижесінде Құрылтайда «Әділет» партиясы – 110, «Ауыл» – 10, Respublica – 9, ал ЖСДП мен «Ақ жол» партиялары 8 орыннан иеленді.

Сайлаушылар дауысының 5 пайыздық шегін жинай алмаған Қазақстан халық партиясы мен «Байтақ» жасылдар партиясы Құрылтайға өтпеді.

ОСК

Еске салсақ, 23 тамызда Қазақстанда бір палаталы Құрылтай депутаттарын сайлау өтті. Елімізде барлығы 10 424 сайлау учаскесі жұмыс істеді. Олардың ішінде 61 елде 79 шетелдік сайлау учаскесі ұйымдастырылды.

Орталық сайлау комиссиясы таратқан алдын ала ақпарат бойынша, Қазақстан аумағындағы сайлау учаскелері жабылғанға дейін 9 352 151 сайлаушы дауыс берген. Бұл көрсеткіш тізімге енгізілген азаматтардың 74,19%-ына тең. Сондай-ақ Қазақстан азаматтары шетелдегі өкілдіктерде ұйымдастырылған сайлау учаскелерінде өз таңдауын жасады.

Сайлауда дауыс беру жағынан Түркістан облысының тұрғындары (92,16%) жоғары белсенділік танытты. Одан кейінгі орындарда Жетісу (91,19%) және Қызылорда облыстары (90,75%) тұр. Ал Алматы қаласы тұрғындарының тек 43 пайыздан астамы сайлауда дауыс берген.

24 тамызда Құрылтай депутаттарын сайлау бойынша дауыс берудің алдын ала нәтижелері жарияланды. ОСК мәліметінше, бес пайыздық межеден бес партия өткен. Олар: «Әділет», «Ауыл», Respublica, «Ақ жол» және ЖСДП.  Ал Қазақстан халық партиясы мен «Байтақ» партиясы бес пайыздық межеден аз дауыс жинады.