Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі аясында Діни нысандарды қорғау жөніндегі арнайы сессия өтті
Бүгін Астанада БҰҰ Бас хатшысының орынбасары – БҰҰ Өркениеттер Альянсының Жоғары өкілі Мигель Анхель Моратинос пен Қазақстан Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев Діни нысандарды қорғау жөніндегі арнайы сессияны ашты. Іс-шара Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі аясында алғаш рет ұйымдастырылып отыр.
Алматы, NEGE. Сенат Спикері, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі Хатшылығының басшысы Мәулен Әшімбаев арнайы сессияға қатысушыларға ілтипат білдіріп, Альянс бүкіл адамзат үшін халықтар, мәдениеттер және діндер арасындағы диалогты жолға қоюда маңызды миссия атқарып келе жатқанын атап өтті. Сондай-ақ Ұйым 20 жыл ішінде экстремизмнің алдын алуға, діни кемсітушілікке қарсы күреске және бейбітшілік мәдениетін қалыптастыруға айтарлықтай үлес қосқанына баса мән берілді. Хатшылық басшысы Діни нысандарды қорғау жөніндегі арнайы сессия былтырғы қарашада Португалияда өткен БҰҰ Өркениеттер Альянсының 10-шы Жаһандық форумының логикалық жалғасы екенін және бұл бастама адамзатты алаңдатқан өзекті мәселелер мен оларды еңсеру жолдарын қамтығанын да тілге тиек етті.
«Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев атап өткендей, Қазақстан халқы түрлі өркениеттер мен діндердің дәстүрін, төзімділік пен ашықтық қасиеттерін қабылдады. Сондықтан «бірлігіміз – әралуандықта» қағидаты еліміздің негізгі ұстанымына айналды. Біздің жерімізде ғасырлар бойы әртүрлі діни ғибадатханалар мен рухани нысандар бейбіт жағдайда қызмет көрсетіп келгені тарихтан белгілі. Бұл құндылықтар алдағы уақытта да мәдени мұрамыздың ажырамас бір бөлшегі болып қала береді. Батыс пен Шығыстың түйіскен тұсында орналасқан Қазақстан ежелден халықтарды, мәдениеттер мен діндерді байланыстыратын географиялық және өркениеттік көпір рөлін атқарып келеді. Киелі орындардың барлығы біздің халықтарымыздың тарихында маңызды орын алады. Оның бәрі біздің баға жетпес рухани-мәдени мұрамыз. Сондықтан оларды сақтауға және қорғауға әрдайым баса мән береміз», – деді Мәулен Әшімбаев.
Сенат Төрағасы өз сөзінде Қазақстан БҰҰ Бас Ассамблеясының 2023 жылғы Конфессияаралық диалог және өшпенділік тіліне қарсы іс-қимыл туралы қарарын, сондай-ақ, БҰҰ-ның Діни нысандарды қорғау жөніндегі іс-қимыл жоспарын қолдайтынын атап өтті.
Ашық диалог аясында дін көшбасшылары мен мемлекет қайраткерлері киелі нысандардың және ғибадат орындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ететін келісілген тәсілдерді жасақтау жөнінде пікір алмасты. Сессияға қатысушылар әлемнің көптеген аймақтарында ғибадат орындары мен қасиетті жерлерге қатысты қауіптің арта түскеніне де алаңдаушылық білдірді. Бүгінде вандализм, қасиетті нысандарды қорлау және діни төзімсіздік салдарынан туындаған зорлық-зомбылық әрекеттерінің көбейгені жасырын емес. Мұндай ахуал халықаралық қауымдастықтың жедел және үйлесімді жауабын талап етеді. Осыған байланысты діни ұйымдар, мемлекеттер және халықаралық құрылымдар арасындағы жаһандық серіктестікті нығайтуға, сондай-ақ, киелі орындарды қорғаудың тұрақты құқықтық және институционалдық тетіктерін әзірлеуге қатысты бірыңғай үндеу жасалды.
Сессияға қатысушылар қасиетті нысандарды қорғау бүкіл әлемдік қауымдастықтың ортақ жауапкершілігі екенін де баса айтты. Іс-шарада Съезд толеранттылық пен өзара сыйластық идеяларын дәріптеу үшін рухани және саяси көшбасшылар күш біріктіретін бірегей алаң екені де сөз болды.
Өз кезегінде БҰҰ Бас хатшысының орынбасары – БҰҰ Өркениеттер Альянсының Жоғары өкілі Мигель Анхель Моратинос Қазақстанның жаһандық деңгейде бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету жолындағы батыл қадамдарын жоғары бағалады. Сондай-ақ ол бұл бағыттағы бірлескен бастамаларды іске асыруға қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.
Арнайы сессияда Мигель Анхель Моратиностың басшылығымен әзірленген БҰҰ-ның Діни нысандарды қорғау жөніндегі іс-қимыл жоспары таныстырылды. Құжат ғибадат орындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, дін өкілдерін қорғауға, құқықтық тетіктерді нығайтуға және өзара құрмет пен ынтымақтастықтың жаһандық құндылықтарын дәріптеуге қатысты нақты шараларды қамтиды.
Сонымен қатар бүгін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі Хатшылығының басшысы Мәулен Әшімбаев екіжақты кездесу өткізді. БҰҰ Бас хатшысының орынбасары – БҰҰ Өркениеттер Альянсының Жоғары өкілі Мигель Анхель Моратиноспен кездесуде негізгі бағыттар бойынша, атап айтқанда, дінаралық келісім мен өркениеттердің жаһандық диалогын нығайту жолындағы күш-жігерді үйлестіруге арналған өзара іс-қимыл перспективалары талқыланды. Олар – білім беру, жастарды дамыту, көші-қон, әйелдердің рөлі және БАҚ-қа қатысты проблемаларды еңсеру бойынша бірлескен жұмыстар.