12 апреля 2020 г. 20:37

Әлемді қалай құтқарамыз?

Фото:

Апта басында елде вирус жұқтырғандардың 5\1, яғни 120-сы медицина қызметкері екені хабарланды.

120 деген цифрды естіген көп белсенді «біздің дәрігерлердің көбі сауатсыз, қалай сақтану керегін өздері білмейді» десе, енді бір топ: «оларға ешқандай жағдай жасалмаған, бір реттік қорғаныс киімдерін бірнеше күн киюге мәжбүр» деп ақтай жөнелді. Пышақтың жүзі іспетті әр істің екі жағы бары рас. Сәуірдің басындағы сұхбаттарының бірінде дәрігер Комаровский «Жер шарын мекен еткен адамдардың 90 пайызында иммунитет төмен. Коронавирусқа қарсы тұра алмайды. Тіпті, дәрігерлер де» деген болатын. Былайғы жұрт карантинде, 4 қабырға ішінде отырып сақтанып отырғанда, медицина қызметкерлерінің вирус жұқтырғандармен тікелей қарым-қатынаста екенін ескертеді украиналық дәрігер.

Сайтымыз мылтықсыз майданда жүрген мед.мамандардың ерен еңбегін мейлінше насихаттап, олардың жанайқайын жеткізіп жүр. Тақырып қызықтырса Қазақстандағы ең жедел ақпарат құралын оқыңыз!


Карантинде шалқадан жатып, әлемді құтқаруға болады екен ғой. Бұл әсіресе, бұрыннан батырлығын диванда жатып көрсететін кейбір азаматқа жақсы сылтау болды. «Неге жатырсың?!» десе, «Карантин ғой!» деп жауап беріп, жамбасы жара болғанша жата береді. Дәл осы қысылтаяң шақ әлгіндей «батырларға» жақсы болды. Ертең карантин бітсе, олардың «Диванда жатып-ақ әлемді құтқаруға болады екен ғой!» дейтініне де күмән жоқ. Карикатурашы Ғалым Смағұлұлының мына туындысы біздің ойымызды сөзсіз-ақ түйіндейді. 

Алматы мен Нұр-Сұлтан қаласында карантин режимі енгізілген кезде облыс аумағында тұратын медицина қызметкерлері біраз қиындыққа тап болған. Ауруханалардың көбі мамандарын жатын орынмен қамти алмағандықтан пәтер іздеп кеткені көп. Бұл мәселеге ақпарат құралдары, соның ішінде Nege.kz тілшілері араласқаннан кейін шешімін тапқанын айта кету керек.

Медицина қызметкерлерінің басынан бұлт арылмайтын түрі бар. Ендігі арыз президент жарлығымен берілетін үстемақының жыры. Қолда бар нақты дерекпен тілшіміз бұл тақырыпты зерделеп көрді.

Медицина қызметкері болсаңыз, не жақын туысыңыз, жалпы маңайыңызда осы салада еңбек ететін жан болса «Дәрігер тиісті үстемақыны да алмай ма?» деген тақырыпта жазылған зерттеу мақаласын оқуды ұсынамын!

Осы күні медицинамен қатар БАҚ-тан түспей тұрған саланың бірі – білім беру. Студенттерді былай қойғанда мектеп оқушыларының білім алуы тым қиындап кетті. «Күнделік» деген жүйенің жыры карантин келгелі көп айтыла бастады.

«Қашықтан оқуға көшкендердің жалпы саны – 2,4 млн оқушы. Kundelik платформасының ақпаратын алып қарасақ, бір күннің ішінде 2,2 млн оқушы жүйеге кіріп, сабақ оқыған. Күнделікте 32 млн сессия тіркелген», – дейді салаға жауапты министр Асхат Аймағамбетов.

Жақсылығын жіпке тізген министр жүйенің ақауын білмейді емес, біледі... Сөйте тұра жауапты мамандарға тиісті тапсырма беріліп, нәтиже болмайтыны қызық.

Ұстаздардың күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан қағылуының бір себебі – осы Күнделік платформасы. Басшылық білім сапасы, бала тәрбиесін ысырып қойып, Күнделік.кз-тің жұмысының 100 пайыз орындалуын ұдайы қадағалап отыратынға ұқсайды.

Мәселен, информатика мұғалімін алайық. Ол 27 сыныпқа сабақ береді дейік. Сонда 27-ні отыз балаға көбейтіп көріңіз, 810 бала шығады. Ал сіз бір күнде 810 балаға баға қойып, әрқайсысына түсініктеме жазып, ата-анамен байланыс жасап көріңіз. Бұл мүмкін бе? Ең сорақысы тілшіміздің «Күнделіктің» жыры қашан бітеді?» деген зерттеуінде айтылады.

Құрметті ата-ана, оқырман, көрермен nege.kz қашан да кері байланысқа ашық. Кез келген салаға қатысты мәселе туындаса, қолыңызда нақты дерек болса төменде көрсетілген нөмірге хат жазыңыз. Біз тақырыпты зерттеп, аққа жақ болуға бармыз.

Коронавирус індетімен күреске және төтенше жағдай кезінде қысылған елге көмек қолын созу мақсатында «Birgemiz» қорына қазақстандық миллиардерлер мен алпауыт компаниялар, бизнесмендер және өндіріс орындары қаржы аударып жатқаны белгілі. Қордың сайтындағы дерек бойынша осы уақытқа дейін 14 млрд 485 млн теңге түскен.

Тілшіміз кім қанша ақша аударды екен деп бәрін тізіп шыққанда бір қызық жайтты байқады. Қорға түскен қаржымен жоғарыда айтылған 14 млрд теңгенің арасында тәп-тәуір айырмашылық бар. Сала-құлаш цифр, ала-құлаш көрсеткіш.

«Шынымен «біргеміз бе?» деген мақалада мәселенің жай-жапсары айтылады. Тіпті бәріне қызықты «кім не беріпті?» деген сауал да жауапсыз қалмайды. Тілші енді аз уақытта дәрігерлер қорғаныш киім, медициналық маскасыз жұмыс істейтіндерін айтып шағымданбайды, мұқтаж жанның бәрі 42 500 теңгесін алады, банктер шын мәнінде несиені өтеу мерзімін айыппұл, өсімақсыз кешіреді деп сенуге шақырып отыр.

Әлемде вирус жұқтырғандар бірнеше тәулік ішінде 2 миллионға жетуі мүмкін. Қолда бар дерекке сүйенсек, оның 1 миллионнан астамы АҚШ, Испания мен Италия, Франция және Германия халқына тиесілі. Қытай вирус анықталған 80 мыңға жуық адамды емдесе, Германия тең жартысын вирустан айықтырды. Індеттен қаза тапқандар 100 мыңнан асты.

Қазақстандағы жағдай өздеріңізге белгілі. Карантин мерзімі ай соңына дейін ұзарды. Сіз бен бізге қазір иммунитеттк күшейтетін тағам жеуден пайдалы іс қалған жоқ. Келер аптаға аман жетейік. Құдай берген армандарымыз орындалсын!

Тегтер: